Самал Есләмова: "Айкаға" жүрегімді бердім

12 Ақпан 2019, 22:38
2875
Бөлісу:
Самал Есләмова: "Айкаға" жүрегімді бердім

Астана. BAQ.KZ тілшісі. Көркем фильмнің продюсері Гүлнәр Сәрсенова аталған кинотуындының өте ауыр екенін, алайда оны тамашалап болған соң адамның өмірге деген көзқарасы өзгеретінін атап өтті.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, "Айка" фильмінің ресейлік режиссері Сергей Дворцевой, басты рөлді сомдаған актриса Самал Есләмова, картина продюсері Гүлнәр Сәрсенова қатысты.

Қырғызстаннан Ресейге жұмыс істеп, өз кәсібін ашып, көп ақша табуды көздеп келген жас мигрант қыздың өмірбаянын бейнелеген Самал Еслямова өз сөзінде фильм ұжымы мен көрермендерге алғысын білдірді.

"Баршаңызға көптен-көп алғысымды білдіремін. Біз фильмнің шынайы шығуы үшін көп еңбектендік. Бұл көркем фильмге жүрегімді бердім және маған өте қызық болды. Біздің жұмысымызды тамашалаған соң өз бағаларыңызды берерсіздер. Келгендеріңізге көп рахмет", - деді Самал Есләмова.

Самал Есләмова: "Айкаға" жүрегімді бердім

Ал кинокартинаның продюсері Гүлнәр Сәрсенова Қазақстанда "Айка" сияқты фильмдердің көптеп түсірілуін тіледі.

"Айка" фильмі өте ауыр, алайда оны тамашалап болған соң адам өмірге деген көзқарасын, адамдар мен өзіне деген қарым-қатынасын өзгертеді. Мұндай фильмдер Қазақстанда көптеп пайда болуын тілеймін", - деді Гүлнәр Сәрсенова.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғандай, ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың "Айка" картинасы 14 ақпанда Ресей мен Қазақстан көрермендеріне ұсынылатын болды. Бұл ақпаратты "Kinopark Theatres" желісінің PR директоры Ерлан Бұхарбаев растады.

YouTube желісінде кинокартинаның трейлері жарияланды. Онда перзентханаға жаңа туған сәбиін тастап қашқан Айканы көруге болады.

Айканың образын атап өткен Самал бұл рөл оған оңай болмағанын айтты. Фильмде ол Қырғызстаннан Мәскеуге келіп, онда заңсыз жұмыс істеп жүрген жас эмигрант әйелдің оқиғасын, оның ішкі адами өсуін, аналық сезімін баяндаған. Әбден шаршап-шалдыққан әйелді көрсету үшін ол түсірілімге дейін тіпті арнайы жүгіруге шыққан.

"Аналардың рөлім сомдағанда менің жолым болады. Өкінішке орай, мен өзім әлі ана атанбадым. Сондықтан жаңа босанған әйелдің пластикасы қандай болатынын нақты білмеймін. Алайда бұл кинода шынайы көрінуі керек. Әрбір эпизодқа алдын ала дайындалуым, физикалық тұрғыда шаршауым керек болды. Мен көп жүгірдім", - деді актриса.

Басты рөлді қазақстандық актриса Самал Есләмова сомдаған. Ол былтыр 71-ші Канн кинофестивалінде үздік актриса атанған болатын. 

Сондай-ақ, фильм "Оскар" жүлдесінің "Шетел тіліндегі үздік фильм" санатында тоғыз картинадан тұратын қысқа тізіміне енді. Бірақ, "Айка" бес фильмнен тұратын "Оскардың" соңғы үміткерлерінің тізіміне енбей қалды.

Айта кетейік, Самал Есләмова "Халықтың сүйіктісі – 2018" жүлдесіне ие болған жеңімпаздар тізіміне енді. Оған "Жыл жаңалығы" құрметті жүлдесі табысталды.

Арайлым Алтайқызы
Өзгелердің жаңалығы