Салық кодексіне енгізілген өзгерістер – бизнеске көрсетілген қолдау

30 Маусым 2021, 21:05
2891
Бөлісу:
Салық кодексіне енгізілген өзгерістер – бизнеске көрсетілген қолдау

Нұр-Сұлтан,  BAQ. KZ тілшісі. 24 маусымда «Салық кодексіне» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заңға енгізілген өзгерістерді қолданысқа енгізу туралы Заңға  қол қойылды. 

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, Заң бизнеске пандемия салдарынан туындаған шектеу шаралары кезеңінде қолдау көрсетуге, салық міндеттемелерінің орындалуын жеңілдетуге және іскерлік белсенділікті ынталандыруға бағытталған.

Берешектің шекті мөлшері бекітілді

Заңда салық төлеушілердің қызметіне оң әсер ететін әкімшілендірудің нормалары қабылданды.

Осының негізінде салық берешегінің шекті мөлшері 6 айлық есептік көресткіш немесе 17 502 теңге болып бекітілді. Бұдан былай берешегі сол сомадан төмен жандардың шоттары бұғаттауға тыйым салынды. Осыған дейін өте аз мөлшердегі салық берешектері үшін де шоттар бұғатталып, бизнес субъектілерінің жұмысы да тоқтатылып келген, - делінген хабарламада.

Банктерге салық төлеуші қарызды төлегеннен кейін шоттарын бірден ашу мүмкіндігі берілді. Салық берешегі өтелген жағдайда шоттарды жылдам ашу бизнес субъектілерінің уақытын үнемдейді.     Өзгерістер қатарында мобильдік қосымшаны пайдалану арқылы арнайы салық режимін енгізу шарасы бар. Қосымша салық төлеушінің қызметін тіркеуді, тоқтатуды және салық міндеттемелерін орындауды жеңілдетеді. 

Құн салығы төмендеді

Сонымен қатар заңда жаңадан  тіркелген  кәсіпорындары үшін өз өнімдерін өткізу кезінде қосылған құн салығын 70%-ға төмендету сияқты салықтық жеңілдіктер көзделген. Бұл жеңілдік заңды тұлға тіркелген сәттен бастап екі жыл бойы қолданылады.Сонымен қатар өндеу өнеркәсібіндегі шағын бизнес субъектілері жаңа негізгі қорларға қайта инвестицияланған жағдайда корпоративтік табыс салығынан босатылады. Бұл шара өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық ахуалды жақсартуға мүмкіндік береді.  

Сондай-ақ, заңда пандемияға байланысты тексеру мен емдеуді қоса алғанда, санитариялық-эпидемиологиялық, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге жұмыс берушінің шығыстары бойынша қызметкердің табысы табыс салығын     салудан босатылатын нормалар бар.

Арнайы салық режимі енгізілді

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап пандемиядан ең көп зардап шеккен 114 қызмет түрі үшін арнайы салық режимі енгізілді. Қоғамдық тамақтану саласы үшін салықтық режим 2023 жылдан 2025 жылға дейін ұзартылады. Салық ставкасы 6% мөлшерінде бекітілді. Режимнің басты ерекшелігі - режимді төлеушілер қосылған құн салық пен әлеуметтік салықты төлемейді.

Мемлекет басшысының Үкіметтің 1 сәуірдегі кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау үшін 2021 жылғы 1 сәуірден бастап 1 шілдеге дейін зардап шеккен салаларда еңбекақы төлеу қорынан жеке табыс салық және әлеуметтік салық төлеуді кейінге қалдыру енгізілді. Бұл ереже бөлшек салық режимі үшін анықталған 114 қызмет түріне қолданылуы мүмкін, - делінген хабарламада.

Пандемия салдарынан туындаған шектеу шараларына байланысты 2019 және 2020 жылдарға резиденттік сертификатын ұсыну мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Бұл шара шектеу шаралары кезінде қосарланған салық салуды болдырмау үшін жасалып отыр. Өйткені шетелде карантиннің енгізілуіне байланысты  құжаттарды ұсынуда қиындықтар туындады.

Министрлік мәліметіне сүйенсек, Салық кодексіне енгізілген өзгерістер дер кезінде жасалған қадам және бизнес субъектілерінің айналым қаражатын ұлғайтуға, салық міндеттемелерін орындауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.


Өзгелердің жаңалығы