Салық берешегі бар азаматтарға SMS-хабарлама жіберіледі

28 Қаңтар 2019, 13:00
2508
Бөлісу:
Салық берешегі бар азаматтарға SMS-хабарлама жіберіледі

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілісте «Салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифрлық  технологиялар» тақырыбында үкімет сағаты өтіп жатыр. Жиында салық берешегі бар азаматтардың шетелге шыға алмау мәселесі де айтылды. 


Бұл проблеманы Мәжіліс депутаты Ирина Аронова көтерді. Оның айтуынша, салық берешегі бар азаматтар елден шыға алмайды. 2018 жылғы маусымдағы жағдай бойынша, 4 мыңға жуық Қазақстан азаматына осындай шектеу қойылған екен.

«Бір өкініштісі, салық төлеушілердің көбі бұл туралы тек әуежайда, бақылау қызметінен өткен кезде білген. Жеке тұлғаларды салық берешегі жайлы смс-хабарлама арқылы алдын ала ескертуге болмай ма?», - деп сұрады Аронова. 

Бұған Қаржы министрі Әлихан Смайылов қазір кез келген салық төлеуші берешегінің бар-жоқтығын е-gov порталы мен банктің онлайн-сервистері арқылы тексере алады деп жауап берді. 

«Бұған қоса, біз СҚО мен Қарағанды облысында пилоттық жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Ол өңірлерде біз салық төлеушілерге көлік құралдары бойынша алдағы төлемдер туралы мәлімет жібереміз. Осының нәтижесінде біз биыл бүкіл Қазақстанда салық берешегінің барлық түрлері бойынша смс-хабарлама енгізгіміз келеді», - деді Смайылов.

Министрдің айтуынша, салық берешегі бойынша смс-хабарламаларды биылғы жылдың соңына дейін енгізу жоспарланып отыр. Дегенмен, бұл азаматтың уақытында төлейтініне кепілдік бермейді.

«Сондықтан, қазір шекараны кескен кезде сол жердегі (әуежай-автор ескертпесі) терминал арқылы төлеу мүмкіндігі берілген. Және де төленгені туралы ақпарат бірден 2-3 минутта келеді. Сондықтан, қазір шекарада бұндай проблема жоқ», - деді Әлихан Смайылов.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Динара Щеглова берешек болған кезде смс-хабарламалар жағдайды біршама жеңілдетуші еді дейді.

«Осы мақсатта азаматтардың мобильді базасы құрылды. Біз оны толтыру үшін белсенді жұмыс атқарып жатырмыз. Бүгінгі күні базада 7 млн-ға жуық азамат тіркелген. Бұл осында тіркелген азаматтарға смс-хабарлама жіберуге мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, мобильді база екі жыл ішінде толық толтырылады», - деді Щеглова.

Бұған дейін министр 2025 жылы қаржы қызметтерінің 95%-ы электрондық форматта көрсетілетінін айтқан болатын. Бұған қоса, көлеңкелі экономика үлесін қысқарту жолдарын атаған еді. Және де елімізде онлайн бақылау-касса машиналары қолданысқа енгізілітетінін жеткізген болатын.
Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы