Президенттік кадрлық резервке өткен ағалы-інілі Сәкеновтер жобаларымен бөлісті

29 Қаңтар 2020, 16:10
2219
Бөлісу:
Президенттік кадрлық резервке өткен ағалы-інілі Сәкеновтер жобаларымен бөлісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қаңтар ортасында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада президенттік жастар кадрлық резервіне өткен 300 жаспен кездескен еді. 13 мың адамның арасынан мықты атанып, байқау кезеңдерінен сүрінбей өткендердің арасында ағалы-інілі Сәкеновтер де бар. 

Олжас Сәкенов және Алмас Сәкенов Көкшетаудың тумасы, көпбалалы отбасыдан шыққан олар бізге өзінің жобалары туралы айтып, болашақтағы жоспарларымен бөлісті. 

Жалпы Сәкеновтер отбасыда төрт ағайынды. Олжас - үйдің үлкені. Ол қазақ мектебінде оқыған. Кейін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін Тарих, экономика және құқық пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Екі жылдай ұстаздықтан кейін маркетинг, адами капиталды дамыту, мемлекеттік жеке меншік әріптестік жобалары бойынша жұмыс істеген. 2018 жылы АҚШ-та магистратура дәрежесін халықаралық білім беруді дамыту мамандығы бойынша иеленген. Оның сөзінше, оған Президенттік резервке қатысу туралы ақпаратты оның інісі жіберген. 

WhatsApp Image 2020-01-29 at 10.08.32.jpeg

Алмас – менен кейінгі інім. Жанұямызда төртеуіміздің үшеуі "Болашақ" бағдарламасының түлегі. Мен АҚШ-та, інім Ұлыбританияда, үшінші інім Шанхайдың техникалық университетін тәмамдады. Президенттік кадрлық резерві жасақталып жатқаны туралы інім ақпарат жіберді. Екеуміз бірден құжат тапсырамыз деген шешімді қабылдадық. Бұл ойымыз жүзеге аспаса да, қапы қалмайтынымызды түсіндік. Тәуекелге белімізді буып, сынақтан екеуміз де сүрінбей өттік. Осы сынды сынақтардан өту әр адамға пайдалы деп ойлаймын. Бәсекеге қабілетті адам болуың үшін жайлылық аймағынан жиі шығып тұру керек. Сондықтан да, осы сынды жобаларды құптаймын, - деді Олжас.

Алмас Сәкенов – Олжастан кейінгі екінші бала. Ол Астана медициналық университетін Педиатрия мамандығы бойынша тәмамдаған. Екінші жоғары білімін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Менеджмент саласы бойынша алған. 

WhatsApp Image 2020-01-29 at 10.08.31.jpeg

2006 жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританияның Essex университетінде жобаларды басқару бойынша магистр дәрежесін алдым. 2011 жылдан бастап, денсаулық сақтау саласында жұмыс істеп жүрмін. Қазіргі таңда әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасының экономика, денсаулық сақтау мемлекеттік жекеменшік серіктестігінің маманымын, - дейді Алмас Сәкенов.

Олжастың сөзінше, Қазақстанның басты құндылығы – халық, яғни, адами капитал. Оны дамыту арқылы бәсекеге қабілетті, дамыған елдер қатарына қосылу мүмкіндігі бар. Сондықтан Олжас еліміздің білім беру саласындағы жобаларға барынша үлес қосуды ойлайды. 

Қазіргі кезде бірқатар жоба әзірлеудеміз. Оның арасында қазақтілді аудиторияға ағылшын тілін үйрету, интернет арқылы сабақ беру, мұғалімдерді "тьютор" ретінде қалыптастыру және жас ерекшелігіне қарамай бағдарламалаудың алғашқы деңгейін меңгерту сынды жобалар бар. Қазіргі кезде ондай мамандарға қазір сұраныс өте жоғары. Сондықтан олардың кейін жұмысқа орналасып кетуге мүмкіндігі бар. Осыған қоса, "Мамандықтардың атласы" деген ірі жоба бар. Ол болашақта қандай мамандықтар болады, еңбек нарығында ақпараттық технологиялар нәтижесінде жаңа істердің пайда болуын болжайтын құрал. "EDU навигатор" жобасы балалардың қандай мамандыққа бейімділігі бар екені бойынша кәсіби бағыт беретін жәрдемші құрал болмақ, - дейді кадрлық резерв мүшесі. 

Ал Алмас болса, Қазақстанның денсаулық сақтау саласын дамытуға бар күш-жігерімді саламын деп отыр.

Меніңше, резервке өз елінің дамуына жақсы өзгеріс енгізгісі келетіндер жиналды. Мен болсам денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытуға және үлес қосуға дайынмын. Кадрлық резерв жастарға әлеуметтік лифт іспетті. Бүгінгі күнінің өзінде көп ұсыныс түсіп жатыр. Болашақта нақты белгілі болады. Үлкен өзгерістер болатынына кәміл сенемін, - деді Алмас.
Өзгелердің жаңалығы