Сағынтаев Алматының екінші толқынға дайындығын айтты

7 Желтоқсан 2020, 13:38
6062
Бөлісу:
Сағынтаев Алматының екінші толқынға дайындығын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында пандемияның жаңа толқынға дайындығын айтты.

Бүгінде пандемияның екінші толқынына 7011 орындық, оның ішінде 250 реанимациялық орындық 23 ковидтік клиника дайындалды. Пандемия кезеңінде Алматыда үш жаңа инфекциялық стационар салынды (2 модульдік клиника және РВ-90 госпиталі). Жеке инвестициялардың есебінен екі клиника жаңартылды. Клиникалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды, - дейді Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуынша, былтыр медициналық ұйымдарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуді жаңғыртудың үш жылдық бағдарламасын қабылдаған.

Биылғы жылы 74 стационар мен емханалар үшін 4197 бірлік жабдық сатып алынды. Науқастарды бағыттау жаңа алгоритмдерге ауыстырылды. 35 жаңа жедел жәрдем машинасы сатып алынды. Жыл соңына дейін қосымша 50 жаңа машина әкелінеді. 2021 жылдың басында тағы 50 машина қосылмақ. Жалпы қалалық зертханалар желісі мен пациенттерді диагностикалау жұмысы орталықтандырылды. Жалпы қуаты – тәулігіне 14 мыңнан астам полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) зерттеулерін өткізеді. Оны тәулігіне 22 мыңға дейін арттыру мүмкіндігі бар, - дейді әкім.

Қалалық стационарларда тікелей көре алатын КТ, МРТ рентген-суреттердің бірыңғай қоры құрылды. Жасанды интеллект негізіндегі ІТ-платформа өкпенің барынша зақымданған бөлігін анықтап, дәрігерлерге нақты диагноз қоюға көмектеседі және емдеу сапасын жақсартады. Сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімшелерінің жұмысы күшейтілген.

Былтырғы жылы медициналық қызметтермен жақыннан қамтамасыз ету бойынша 3 жылдық қалалық жоспарды қабылдадық. Барлығы 35 амбулатория саламыз. 16 амбулатория пайдалануға берілді, келесі жылы тағы 11-ін іске қосамыз. Бірінші эшелон стационарларын медициналық газдардың, оның ішінде оттегінің орталық жүйесімен қамтамасыз ету жөніндегі жалпықалалық бағдарлама іске асырылуда. Қаладағы медициналық ұйымдардың кәріз жүйесіне биологиялық қауіпсіздік режимі енгізілді. Медициналық қалдықтарды жоюды бақылау күшейтілді,- дейді Бақытжан Сағынтаев.
Өзгелердің жаңалығы