Сағынтаев Алматы тұрғындарын сумен қамтамасыз ету қашан 100 пайызға жететінін айтты

8 Желтоқсан 2021, 13:39
834
Бөлісу:
Сағынтаев Алматы тұрғындарын сумен қамтамасыз ету қашан 100 пайызға жететінін айтты

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Жаңа Алматыны» дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған Кешенді жоспары аясында халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, қоғамдық кеңістіктер мен полиорталықты қалыптастыру туралы айтып берді.

Оның айтуынша, «Жаңа Алматыны» Дамытудың кешенді жоспарының іс-шараларын іске асыруды жыл сайын қаржыландыру шамамен 200 млрд теңгені құрайды. Бүгінде жоспар аясында қаланы дамытудың полиорталықты моделін ескере отырып, қала шетіндегі көлік, бизнес және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша 286 жоба іске асырылып жатыр.

Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету басты міндет. Су құбыры желілерінің құрылысы жалғасуда және бүгінде Алматы тұрғындарының 98,5%-ы орталық сумен жабдықталған. Қалаға қосылған аумақтардағы су тапшылығы мәселесін шешу үшін келесі жылдың сәуір айында Қарғалы өзеніндегі су жинау құрылысы аяқталады. 2022 жылы Ақсай өзені мен Ерменсай шағын ауданында осындай құрылыстар басталады. 2025 жылдың соңына қарай Алматы тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету 100%-ға жетеді, – деді Сағынтаев.

Сонымен қатар ол қала тұрғындарын газбен қамту жұмыстары қалай атқарылып жатқанын да айтып берді.

Қала өмірінде газ инфрақұрылымы маңызды рөл атқарады. Қазіргі кезде Алматыда үйлердің 99,2%-ы газбен жабдықталған. Сот арқылы иесіз инженерлік желілерді анықтау және тану жұмыстары жалғасуда. Сот шешімдерінен кейін желілер коммуналдық меншікке қабылданып, кейіннен жаңғыртылады. Бүгінгі таңда жалпы ұзындығы 168,2 км болатын 246 инженерлік инфрақұрылым нысаны анықталып, иесіз деп танылды, – деді Алматы әкімі.

Бұдан басқа, ол осы жылы әкімдіктің қаулыларымен 2019 жылға дейін анықталған объектілер коммуналдық меншікке қабылданғанын айтты. Оның ішінде 96,6 км сумен жабдықтау желілері, 42,7 км су бұру желілері бар.

Өзгелердің жаңалығы