Бас жаңалықтар
Садақаны да сауатты жасай білген жөн
25 Мамыр 2019, 19:32 334

Садақаны да сауатты жасай білген жөн

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақта «Малым – жанымның, жаным – арымның садақасы» деген ұлағатты сөз бар. Кейде осы сөздің астарына мән бермей айта саламыз. Алайда, бұл сөздің мәні де, мағынасы да ауқымды. Әрісі дінде, берісі ұлттық болмыста жатыр. 

Қазіргідей, елдің дінге, құлшылыққа, сауапты істерге қызығушылығы артып келе жатқан заманда, осы, Зекет пен садақа сөзінің де мағынасын тереңірек білген дұрыс секілді.

Зекет – исламда жағдайы жақсы, ауқатты кісілер тапқан табысы мен малының белгілі бір бөлігін зекет қылып беру міндеттеледі. Яғни, парыз болып саналады. Осыдан-ақ бұл құлшылықтың қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Алла тағала Құранда: «Шын мәнінде садақалар Алла тарапынан бір парыз. Қолы тар пақырларға, түгі жоқ міскіндерге, оны жинауға белгілегендерге, көңілі ауланатындарға, құлды азат етуге, борыштыларға, Алла жолына және жолда қалғандарға беріледі»  (Тәубе: 60) деген. Зекет берген кісі осы қайырымдылығы арқылы өзінің денсаулығын, дүниесін біле-жәледен, қауіп-қатерден, тірлі апаттардан сақтап отырады.

Сондай-ақ, парыз зекеттен бөлек, нәпіл садақалар да болады. Мұны Алла тағала құлына міндеттеген жоқ, тек пенде өз қалауымен Алланың разылығы үшін жасайтын қайырымдылығы. Садақа – тек қана Жаратушының разылығы үшін жасалатын құлшылықтың бір түрі. Бұл құлшылық жетім-жесірлер мен мұқтаж жандарға көмектесу арқылы жасалады. Бұдан бөлек, садақа берген кісінің қағамда абыройы жоғары, жүзі жарқын, көпке сүйкімі болады.

Садақа – адам мен Алланың арасындағы ықыласты амал. Зект пен садақаның тағы бір айырмашылығы, зекет жария түрде, садақа жасырын түрде берілетіндігінде. Садақаны не үшін беру керек? Жаратушы иеміз біздің сол садақамызға мұқтаж ба? Әрине, жоқ Садақаны беруге әлсіз жаратылған пенде, біз мұқтажбыз.

Біреуге жақсылық жасасақ, «Құдайдан қайтады» дейміз, садақа берсек, «Алла жолымды оңғарсын», «несібемді молайтсын» деген ниетпен береміз. Расында да Алла осы ниетімізге қарай береді.

Алланың елшісі осы қайырымдылық жасау, садақа беру турасында: «Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады: (олар) жүріп тұратын садақасы, пайдалы білімі  және өзіне дұға ететін перзенті» (Мүслим) деген.

Кейде адамдар, өзіміз дінді қиындатып, өз ойымызда қатаң форма қалыптастырып алатынымыз жасырын емес. Сондай қағиданың бірі ретінде қалталы кісілердің ең сауапты іс, соңыңнан жүріп тұратын амал - мешіт салдыру деп ойлайтындығы. Әрине, мешіт салдыру сауапты іс. Бүгінде біздің қоғамда мешіт салдыратын қалталы азаматтар аз емес. Алла ол кісілердің бұл қайырымдылықтарын сауаптан жазсын. Бірақ, «пәленшенің салдырған мешіті» десін дегендей, салдырған мешітіне әкесінің, анасының есімін бергізу шынайылықтан гөрі рияға жақын секілді көрінетіні жасырын емес. Сондықтан, сауаптың ең үлкені тек мешіт салу деген өте тар түсінік болар еді. Әлі де болса кеңірек көзқараспен қарйтын болсақ, жүріп тұратын садақаның түрі көп. Жүріп тұратын амалдар деп хадисте айтылғандай өзінен кейінгі ұрпақ үшін пайдасы жалғасатын, мәселен, мектеп, бала-бақша салу, бұлақтың көзін ашу, көпшілік жүретін жол, көпір салу, жемс ағаштарынан бақ егіу секілді көптеген ізгі амалдар жатқызуға болады.

Біздің айтқымыз келгені, мешіт салдырмау керек деген сөз емес. Тек садақаны да сауатты жасасақ деген ниет қана. Қай уақытта да қайырымдылық құр мақтан үшін емес, Алланың разылығы үшін жасалғаны мақұл.

Олжас СӘНДІБЕК

Загрузка...

Сізден жаңалық