Мәдениет министрі реставрация жөнінде жауап берді

13 Ақпан 2019, 12:43
7233
Бөлісу:
Мәдениет министрі реставрация жөнінде жауап берді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістің жалпы отырысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы реставрация жөнінде жауап берді.


Отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Жиында депутат Балаим Кесебаева министрге сауал жолдады.

«Аталған заң жобасында әкімшілік құқық бұзушылықтың жаңа құрамдарын енгізу көзделіп отыр. Бұл тарихи және мәдени ескерткіштердің қорғау аймақтарында, құрылыс жүргізу және қорғалатын тарихи ландшафтар аймақтарындағы жерлерді пайдалануды бұзу фактілерімен байланысты», - деді ол.

Сонымен қатар, депутат Арыстанбек Мұхамедиұлына реставрация мәселесіне қатысты сұрақ қойды.

«Тарихи-мәдени ескерткіштер мен объектілерде ғылыми реставрациялық жұмыстарды жүргізу тәртібін бұзғаны үшін аталған заң жобасы аясында әкімшілік құқықтық жауапкершілік көзделіп отыр. Бұл норма өте қажет. Бірақ заң жобасында осы нормалардың қалай жұмыс істейтіні белгісіз және түсініксіз», - деді Балаим Кесебаева. 

 Мәдениет және спорт министрі алдымен екінші сұраққа жауап берді.

«Археологиялық жұмыстар бойынша тапсырыс министрлік сайтында міндетті түрде жарияланады. Реставрацияны жүргізу тәртібін міндетті түрде заңда жазамыз. Реставрация өте күрделі дүние. Ал сіздің  бірінші сұрағыңыз Ауыл шаруашылығы министрлігінің үлкен маманы Ерлан Нысанбаевқа қатысты», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы. 

«Жалпы министрдің позициясын қолдаймыз», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаев сауалды түсініңкіремей.

Оның сөзін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бөлді. 

«Аталған сұрақтың сіздің министрлікке қандай жақындығы бар?», - деді ол.

Осы орайда Мәдениет және спорт министрі сұрақты дұрыс түсінбегенін мойындап, кешірім сұрады.

«Нұрлан Зайроллаұлы, сізден кешірім сұраймын. Сұрақ жерді қорғауға қатысты болды ғой. Енді мәселе жерге қатысты ғой. Кешірім сұраймын. С удовольствием сұраққа жауап беремін», - деді министр күліп.



Дәурен ЕРБОЛАТ

Өзгелердің жаңалығы