Бас жаңалықтар
Сұлтанов кәріз құдығынан табылған бала туралы: Сақ болыңыздар!
20 Ақпан 2019, 14:34 417

Сұлтанов кәріз құдығынан табылған бала туралы: Сақ болыңыздар!

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Астанада кәріз құдықтарының ашық қалу және оның қақпақтарын ұрлау оқиғалары тыйылмай отырғанын айтты.

«Сергек» камераларының арқасында ашық жатқан кәріз құдықтарын анықтап отырмыз. Өкінішке қарай, адам өліміне әкеп соққан жағдайлар да бар. Кеше ғана бала табылды. Құдықтарды салып, оларды ашық қалдырғандарға қатысты түрлі шаралар қабылдап жатырмыз. Коммуналдық қызметтер күн сайын оларды тексеріп шығуы қажет. Осы уақыттың ішінде ашық жатқан мыңдаған кәріз құдығы анықталып, оларды жаптық», - деді қала басшысы.

Әкім қала тұрғындары мен iKomek жүйесінің бұл проблемаға бей-жай қарамайтыны қуантатынын және ашық қалған құдықтар туралы хабарлама келіп түскенде шара қабылдауға тырысатынын айтты. Алайда, оның айтуынша, кәріз құдықтарының қақпағын ұрлау оқиғалары тыйылмай отыр.

«Орнатқан қақпағың таңертең жоқ болып шығады. Азаматтарға айтарым, сақ болыңыздар. Дер уақытында хабарлауды өтінемін. Шара қабылдайтын боламыз», - деді Бақыт Сұлтанов.

Қала басшысының мәліметінше, қалада 6 мың «Сергек» камерасы орнатылған. Соның арқасында аулаларда орын алатын қылмыс екі есеге төмендеген. «Сергектің» арқасында жол-көлік оқиғасының салдарынан болатын өлім-жітім де екі есе төмендеген.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, елорда әкімі Бақыт Сұлтанов мұғалімдер жалақысы мен мәртебесін жүйелі түрде арттыру шешімі қабылданғанын мәлімдеді.

Назерке АБИБУЛЛА

Сізден жаңалық