Сүлейменов: Инвестиция тарту жұмыстары жалғасады

5 Ақпан 2019, 11:27
2138
Бөлісу:
Сүлейменов: Инвестиция тарту жұмыстары жалғасады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов елімізде инвестиция тарту жұмыстары жалғасатынын жеткізді.


Биылғы жылдың 30-қаңтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің алдына бірқатар нақты міндеттер қойған.

Осы орайда министр Елбасы инвестицияларды тартудың кешенді экожүйесін құру міндетін қойғанын атап өтіп, осы бағытта тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

«Министрлікке берілген өкілеттіктердің шеңберінде біз инвестицияларды тарту бойынша тиімді мемлекеттік саясатты қалыптастыруға күш жұмылдырамыз.Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп инвестициялық және бизнес ахуалды одан әрі жақсарту бойынша жұмыс жүргізіледі. Министрліктің жанынан менің бұйрығыммен тұрақты жұмыс істейтін Инвестициялық штаб құрылды», - деді ол.

Министрдің айтуынша, оның міндеттері инвестициялық заңнаманы, институционалдық ортаны және тұтастай алғанда климатты жақсарту бойынша практикалық ұсыныстар әзірлеу кіреді.

«Осы бұйрықтың шеңберінде басты назар шетелдік инвестицияларға ғана емес, отандық инвестицияларға да бағдарланатын болады», - деді Сүлейменов.

Осы орайда ол  Мемлекет басшысы әр өңірдің бәсекелі артықшылықтарына егжей-тегжейлі талдау жүргізу міндетін қойғанын айтып, ол үшін төмендегі жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.

«2019 жылғы 1 сәуірге дейін Аумақты дамыту бағдарламасының форматын ауыстырамыз; Осы жылдың соңына дейін біздің үйлестіруімізбен Әкімдер «Атамекен» ҰКП - мен бірлесіп өңірлердің кіші және орташа бизнес талдауын және скринингін жүргізеді», - деді Сүлейменов.

Оның айтуынша, жаңа форматты және жүргізілген талдауды ескере отырып, осы жылы барлық өңірлер өздерінің Аумақтарды дамыту бағдарламаларын түзетеді.

«Онда перспективалы салаларды дамыту, инвестицияларды тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жоспарлары мен нақты шараларын көрсетеді. Одан басқа, жүргізілген талдаудың қорытындысы Елдің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасымен және жаңа Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасымен синхрондалады», - деді министр.

Сонымен қатар ол Президент әкімшілігі жасаған өңірлердің проблемалық мәселелері картасының негізінде жүйелі инфрақұрылымдық проблемалық мәселелерді шешу бойынша жұмыс жүргізілетінін, бұл мәселелерді 2019 жылғы бюджетті нақтылау кезінде, және 2020 жылғы бюджетті қалыптастырған кезде шешуді ұсынылатынын айтты.

«Мемлекет басшысы көлеңкелі айналыммен күрес жөніндегі жұмысты күшейтуге баса назар аударды. Қадағаланбайтын экономика деңгейін қысқарту үшін Министрлік Қаржы министрлігімен бірлесіп экономикадағы қолма-қол ақшасыз ақша айналымын ұлғайтуға бағытталған салық, сауда саясаты, салалық реттеу шаралары жөніндегі мәселені пысықтайды», - деді Сүлейменов.

Министр тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде қолма-қол есеп айырысу бойынша лимитті белгілеу және жылжымайтын мүлік пен көлікті міндетті түрде қолма-қол ақшасыз сату және басқа мәселелер қаралатынын жеткізді.

«Министрліктің жұмысы да экономиканың және халықтың нақты табысының, инвестициялардың, еңбек өнімділігінің, шикізаттық емес экспорт көлемінің және экономикадағы шағын және орта бизнес үлесінің өсуі бойынша 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының нысаналы индикаторларын орындауға бағытталады», - деп түйіндеді сөзін ол.

Осыған дейін Ұлттық экономика министрлігі шағын және орта бизнестің үлесін арттыру үшін тиісті жұмыстарды жүргізетінін және 
осы жылы мемлекет меншігіндегі 139 объект сатылатынын хабарлаған болатынбыз.
Дәурен ЕРБОЛАТҰЛЫ
Өзгелердің жаңалығы