"СҚ-Фармация" дәрі-дәрмектермен қамту шаралары туралы баяндады

5 Тамыз 2020, 13:51
1702
Бөлісу:
"СҚ-Фармация" дәрі-дәрмектермен қамту шаралары туралы баяндады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласындағы "СҚ-Фармация" логистикалық хабына барып, онда COVID-19-дан емдеуге арналған дәрілердің бар-жоғымен және ҚР денсаулық сақтау мекемелерін медициналық дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысты.

Денсаулық сақтау министрі А. Цой мен "СҚ-Фармация" басқарма төрағасы Е. Есқалиев ауруханалар мен провизорлық орталықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін дәрілік препараттардың 91 атауы жеткізілетінін баяндады. Өткен айда медициналық препараттар өңірлер бойынша 8,7 млрд теңгеге бөлінді. Ауруханалардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жедел түрде қосымша дәрі-дәрмектер сатып алынды, емделушілер амбулаториялық деңгейде тегін ала алатын дәрі-дәрмектер тізімі кеңейтілді (парацетамол, ибупрофен, ривароксабан, дабигатран және апиксабан енгізілді).

COVID-19-дың екінші толқыны басталатын жағдай орын алса, компанияда 24 млрд теңге сомасына екі айлық дәрі-дәрмек қоры құрылуда, сондай-ақ карантин кезеңінде жекеменшік дәріханаларды нарық өз бетінше толықтыра алмайтын 19 тапшы дәрі-дәрмекпен жабдықтау мәселесі пысықталып жатыр. "СҚ-Фармация" оларды қалалар мен ауылдық елді мекендердегі әр дәріханаға дейін толық жеткізеді, - деп хабарлады ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.
Үкімет басшысына компанияның логистикасын жақсарту шаралары туралы баяндалды: жоспарлы рейстер саны 1,7 есеге артты, тиеу мерзімі 2 аптадан 1 аптаға дейін қысқартылды, тауарларды хабтардан өңірлерге бөлу Cross-docking қағидаты бойынша жүзеге асырылады, ал қоймалардың жұмысы 24/7 режиміне көшірілді.

Премьер-министр өңірлерге дәрі-дәрмектердің тиелуін ерекше бақылауға алуды, күзгі-қысқы маусымда COVID-19-дан емдеу үшін барлық қажетті медициналық препараттардың болуын қамтамасыз етуді, дәрі-дәрмектерге қажеттілік артқан жағдайда шұғыл әрекет етуді, сондай-ақ бөлшек сауда секторын тапшы дәрі-дәрмекпен толықтыру бойынша тапсырманы орындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Медициналық өнімдер мен дәрілік препараттарды отандық өндірушілерді қолдау бойынша жүйелі шараларды қабылдау қажеттігіне ерекше назар аударылды. 

"СҚ-Фармация" логистикалық хабын аралауға Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, денсаулық сақтау министрі А. Цой, денсаулық сақтау вице-министрі Л. Бюрабекова қатысты. 


Өзгелердің жаңалығы