Көкшетаулықтар «Рухани жаңғыру» аясындағы этноауылды тамашалады

12 Сәуір 2019, 14:23
3001
Бөлісу:
Көкшетаулықтар «Рухани жаңғыру» аясындағы этноауылды тамашалады
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жарияланғанына екі жыл толуына орай ашық аспан астында этноауыл жасақталып, көрме ұйымдастырылды.

Салтанатты шара театрландырылған қойылымнан басталды. Алаңда киіз үйлер тігіліп, қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінен көріністер қойылды. Жергілікті өнерпаздар ән-күйден шашу шашты.

Мәдениет саласының мамандары көрпе тігу, киіз басу, жүн иіру, қыз жасауының үлгілерін көрсетті. Красный яр селосының Ұлттық спорт мектебі бастаған әкелер қауымы аңшылық, саятшылық, «Қазақ тілі және мәдениеті» қоғамдық ұйымы асық ату өнерін паш етті.

Көкшетаулықтар «Рухани жаңғыру» аясындағы этноауылды тамашалады

«Этноауылда ұлттық салт-дәстүрлеріміздің керемет үлгілерін көрсетуге тырыстық. Қала жастарының көбі мұның бәрін біле бермейді. Тұңғыш Президенттің «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары бойынша өңірде жүріп жатқан жұмыстарға, ол шаралардың тиімді тәрбиелік-танымдық нәтижесіне де жұрт қуанышты. Абылай хандық құрып, Кенесары жорытқан, Шоқан ойға шомып, Біржан, Ақан, Үкілі, Балуан мен Иманжүсіп ән салған бұл өлкеде әлі атқарылар шаруа ұланғайыр. Халықпен біте қайнасып, бірге өткізілген шаруалардың мәні тереңірек»,- деп атап өтті қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі Айгүл Сәбитова.

Көкшетаулықтар «Рухани жаңғыру» аясындағы этноауылды тамашалады

Оның айтуынша, Рухани жаңғыру өзіміздің озық ұлттық дәстүрлерімізге бет бұрып, төл арнамызға – қазақтың өзіндік ұлттық даму жолына түсу.

«Облыс орталығында мәдени ошақтардың жөнделуін айтпағанда, көрнекті ұлт көсемдерін, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға қатысты жобалар жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Соңғы жылдары мұражайлар, клубтар мен кіткапханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Атқарылған жемісті істер өңір өрендерінің шығармашылық қабілетін ұштап, түрлі жарыстарда топ жаруына септігін тигізуде. «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында қала бойынша 397,8 миллион теңгенің 8 жобасы жүзеге асырылды. Осы ретте, балалар алаңы салынып, ойын алаңдары жаңартылды, Красный Яр селосында жекеменшік балабақша ашылып, үш тұрғын үй бой көтерді», - дейді Айгүл Сәбитова.

Көкшетаулықтар «Рухани жаңғыру» аясындағы этноауылды тамашалады

Шара барысында қаладағы мектеп оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдары жұртшылық назарына ұсынылды.

«Балаларымызды қалай тәрбиелесек, болашағымыз солай болмақ. Біз тарихты тек суреттер, оқулықтар, кітаптар, фильмдер бойынша ғана оқуға дағдыланып кеттік. Бірақ көзбен көрмеген, қолмен ұстап сезінбеген дүниені қалай зердеден өткізуге болады. Бұл тұрғыда әр мектептің өз жоспары бар. «Өлкетану» бағыты бойынша №11 орта мектеп оқушылары Мағжан Жұмабаевтың туған жері – Солтүстік Қазақстандағы Сарытомар ауылына саяхат жасап қайтты. Сондай-ақ, 40-тан аса оқушы Түркістанда болды. Бұл шаралар өскелең ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеу, балалардың шығармашылық деңгейін арттыру, адами құндылықтарды насихаттауға арналды», - дейді қалалық білім бөлімінің жетекшісі Бейбіт Жүсіпов.


Өзгелердің жаңалығы