«Рухани жаңғыру» аясында өтуі тиіс кейбір шаралар тоқтатылды

29 Қазан 2020, 17:58
1252
Бөлісу:
«Рухани жаңғыру» аясында өтуі тиіс кейбір шаралар тоқтатылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Індет салдарынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтуі тиіс кейбір шаралардан бас тартылды. Бұл туралы бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қоғамдық сананы жаңғырту бойынша Ұлттық комиссия отырысында мәлім етті.

Оның айтуынша, ең бастысы – Елбасы атап көрсеткен рухани жаңғырудың негізгі құндылықтары түсіндіріліп, көптеген іс-шаралардың концепциясы өзгерді. Алайда пандемия шаралардың толыққанды атқарылуына кедергі келтірген. Олардың біразы онлайн форматта өтсе, кейбірінен министрлік бас тартқан. 

Десе де, пандемия қиындықтарына қарамастан, министрлік жүргізген екі кешенді жоба бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткенін ерекше атап өту керек. Бір ғана «Туған жер» жобасы бойынша биылғы жылдың өзінде 1231 демеуші азаматтардың арқасында еліміздің әр аймағында рухани маңызы бар 228 нысан салынды. Оның ішінде 2 мектеп, 2 балабақша, 19 мәдениет объектілері, 36 спорт алаңдары, 31 балалар алаңдары және өзге де нысандар бар. Яғни, қаржылай санағанда өңірлерге 10 млрд теңгенің инвестициясы құйылды, - деді ол.

Оның айтуынша, бұдан бөлек, Елбасының тікелей бастамасымен 2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «100 жаңа есім» жобасы бойынша үш жылда 6 мыңнан азаматтан халық таңдаған 163 тұлға анықталды.

 Бұл қоғамдық салада ғана емес, ғылым мен технологияда, кәсіпкерлікте үлкен жетістікке жеткен азаматтар. Сөз жоқ, олардың ел алдына шығуы – жаңғыруға ұмтылған жаңашыл қоғамға тың серпіліс, жаңа леп сыйлады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы