Рухани жаңғыру: 4 жылда 123 мыңнан астам іс-шара өткізілді

12 Сәуір 2021, 19:51
2367
Бөлісу:
Рухани жаңғыру: 4 жылда 123 мыңнан астам іс-шара өткізілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне 4 жыл толды. Бағдарлама басталғаннан халық өте жылы қабылдады, сәйкесінше ауқымды жұмыстар атқарылды, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.

Осы 4 жыл ішінде Бағдарлама аясында елімізде 123 мыңнан астам іс-шара өткізіліпті. Бүгінде, Бағдарламаның 6 бағыты бойынша 17 арнайы жоба жүзеге асып жатыр. Әрине әр жобаның өз орны, өз аудиториясы бар. Дегенмен «Туған жер», «100 жаңа есім», «Сакралды Қазақстан», «100 жаңа оқулық» жобалары қоғам тарапынан жоғары қолдауға ие болды. Жалпы Бағдарламада Елбасы айтқан құндылықтардың барлығы да біздің бүгініміз үшін де, болашағымыз үшін де маңызын ешқашан жоғалтпайтын бағыттар. «Бәсекеге қабілет». «Прагматизм». «Ұлттық бірегейлік». «Білімнің салтанат құруы». «Сананың ашықтығы». «Эволюциялық дамуы». Мұның барлығының түпкі мәнін бүгінде қоғам толық түсінеді. Мысалы Прагматизмді алайық. Әсіресе Пандемия кезінде біз ең бастысы денсаулықтың қадірін ұқтық. Денсаулықтың күтіміне прагматикалық ойлау қажет екендігін түсіндік. Бәсекеге қабілетті, сапалы білімді ұрпақ тәрбиелеу міндетінің – әсіресе бүгінгі жаһандану заманындағы маңызы арта түскенін көріп отырмыз, - деп жазды министр.

Аида Балаева биылдан бастап Бағдарламаны жалпылама сипаттан, халықтың жас ерекшеліктеріне сай жүйелеп жүргізу басталғанын айтты.
Соның ішінде жастар буынына ерекше мән берілетін болады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – Ұлттық жаңғыру кезеңіне өтіп жатыр.

Жасыратыны жоқ, Бағдарламаға қатысты қоғамда сын-пікірлер де айтылады. «Сын түзелмей – мін түзелмейді» деген. Дегенмен, қоғамдық сананың жаңғыруы – бір сәттік дүние емес екенін бәріміз түсінеміз деп ойлаймын. Уақыт пен төзім керек. Сондай-ақ, бәріміздің ат салысуымыз қажет. Қоғамдық сана – әркім ең алдымен өзінен, отбасынан, айналасынан бастағанда ғана өзгеріске түседі. Сондықтан ең бастысы қоғам тарапынан қолдау қажет. Біріксек – бағынбайтын белес жоқ. Қашанда рухымыз – биік, болашаққа сеніміміз – берік, бірлігіміз – мығым бола берсін! Баршаңызға сәттілік тілеймін!, - деп жазды ол.


Өзгелердің жаңалығы