Бас жаңалықтар
«Рухани қазына – 2021» фестивалі басталды
12 Мамыр 2021, 23:57 388

«Рухани қазына – 2021» фестивалі басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада мәдениет, өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлері арасындағы IV республикалық «Рухани қазына – 2021» фестивалі басталды.

Биыл мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған фестивальдің республикалық деңгейдегі қазылар алқасының отырысы 12-14 мамыр аралығында сағат 9:30-18:00 аралығында мәдени ойын-сауық ұйымы бойынша – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымында; кітапхана ісі бойынша - ҚР Ұлттық академиялық кітапханада; музей ісі бойынша – ҚР Ұлттық музейде өтіп жатыр. Əділ қазалардың отырысы аталған ұйымдардың әлеуметтік желідегі парақшаларынан тікелей эфирде көрсетіледі.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Рухани қазына – 2021» фестивалінің қатысушыларын байқаудың басталуымен құттықтап, сәттілік тіледі.

Құрметті «Рухани қазына – 2021» фестивалінің қатысушылары! Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылдан бері 21 мамыр – Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай мәдениет ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фестивалін өткізіп келеді. «Рухани қазына» республикалық байқауының аясында үздік мемлекеттік музей (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық маңызы бар), мемлекеттік кітапхана (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық маңызы бар), мәдени-демалыс ұйымдары (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық маңызы бар) мен осы мәдениет ұйымдарының үздік қызметкерлері анықталады. Байқауға қатысушылар әрдайым көп, ал «үздіктерді» білікті қазылар алқасы анықтайды, сондықтан барлық қатысушыларға сәттілік, ал мықтыларға жеңіс тілеймін! - деп жазылған министрдің құттықтау хатында.

Ал 18-21 мамыр аралығында фестивальдің бірқатар іс-шарасы (салтанатты марапаттау рәсімі, шетелдік сарапшының қатысуымен шеберлік сыныптары және т.б) Көкшетау қаласында өтеді.

Фестивальдің ашылу салтанатына қатысқан Мəдениет жəне спорт министрлігі Мəдениет жəне өнер істері департаментінің директоры Күміс Сейітова жыл өткен сайын жұмысын республика деңгейінде көрсеткісі келетін ұйым мен қызметкерлер саны артып келе жатқанын атап өтті.

Бүгінде байқауға еліміздің 15 өңірінен кітапхана, музей және мәдени-демалыс қызметі бойынша 300-ден астам өтініш келіп түсті. Мəселен, алғаш рет ұйымдастырғанда қатысушы саны 100-ге жуықтаған еді. Жыл өткен сайын ауыл, аудан, қаладағы мəдениет ошақтарының қызметін жандандыруға бағытталған байқау кеңінен танылып келеді. Осы фестивальде үздік шыққан ұйым бір миллион, топ жарған қызметкер 500 мың теңге сыйақы алады. Биыл фестивальдің мамыр айында өткізілуінің өзіндік себебі бар. Үздіктерді марапаттау рәсімі басталатын 18 мамыр халықаралық музей күніне, 21 мамыр еліміздің мəдениет және өнер саласы қызметкерлерінің күніне орайластырылды,-деді Күміс Сейітова.

Бұл байқаудың мақсаты – мәдениет саласы қызметкерлерінің тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау, кітапхана, музей, мәдени ойын-сауық саласы қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру, өңірдегі мәдениет ұйымдарының имиджін арттыру.

Республикалық «Рухани қазына – 2021» байқауының аясында үздік мемлекеттік музей (облыс, аудан (қалалық) маңызы бар), мемлекеттік кітапхана (облыстық, аудандық (қалалық), ауылдық маңызы бар), мемлекеттік мәдени ойын-сауық ұйымы (облыстық, аудандық (қалалық) маңызы бар) мен мәдениет ұйымдарының үздік қызметкерлері анықталады.


Фото: дереккөз
Загрузка...