Рудныйда экопатруль жұмысқа кірісті

9 Маусым 2020, 14:45
2515
Бөлісу:
Рудныйда экопатруль жұмысқа кірісті

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Рудныйда экопатруль жұмысын бастады. 16 жастан 23 жасқа дейінгі белсенділер күн сайын қаладан талапқа сай келмейтін қоқыс орындарын іздеп тауып, оларды өз бетінше жинайды. Сонымен бірге, демалыс орындарында, жағажайларда пластиктерді жинауға арналған контейнерлер орнатумен айналысады.

Қаладағы белсенділердің бірі Максим Фролов 10 жылдан бері экология мәселесімен айналысып келеді. Экоамбассадор осы бағыттағы барлық түйткілді зерделеп, оларды шешуге әрқашан бастамашы болып жүр. Оның пікірінше, жаз маусымындағы басты проблема – демалыс орындарындағы қоқыстар.

Бізде, өкінішке қарай, қалдықтарды кәдеге жарату ісі жолға қойылмаған. Өзен жағалауында арнайы бәктер тұруы тиіс. Біз Рудный қаласы аумағында орнатып жатырмыз. Мысалы, ескі жағажай бұрынғыдан тазарып қалды қазір. Онда қойылған бәкке тұрғындар пластикалық заттарды салады. Меніңше, бұл – мәселенің қарапайым шешімі, - дейді Максим Фролов.
экопатруль рудный.jpg

Мұндай жұмысты жеке өзі атқару оңай емес, әрине. Сондықтан, Максим белсенділердің басын біріктіріп, Рудный қаласында жұмыс істейтін экопатруль құрды.

Бұл жоба туралы көптен бері армандап, оны жүзеге асырғым келіп жүрген. Еріктілер жылы бастаудың сәті түсті. Сөйтіп, Instagram бетіне хабарландыру жібердік. Бір тәулік ішінде 80 адам жиналды. Олар сауалнама мен өтінім толтырды. Арасынан мақсаты айқын деген ұл-қыздарды іріктеп алдық. Қалалық әкімдік бізді толықтай қолдап отыр, - дейді экоамбассадор.
Әзірге экоұйымға 20 адам ғана мүше. Қоқыс тастайтын жерлерді тазалауға өздерінің шамасы жетпесе, қаланың мердігерлік ұйымдары көмекке келуге дайын. Жергілікті кәсіпкерлер жағажайларға контенейлер орнатуға, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге де жәрдемдесуге ниет білдіріп отыр. Қазір қоқыс орындары бар карта әзірленуде.

Белсенділерге 62 мың теңге айлық төленеді. Алайда, Максим оларды ақшадан бұрын экология мәселесі көбірек қызықтыратынына сенімді.

Экопатруль мүшелерінің ой-пікірін тыңдап, зерттедім. Олар мектепте немесе өздері тұратын шағын ауданда әйтеуір бірдеңені тындырып жүрген жандар. Біз барша қалалықтарды қоршаған ортаны ластамауға, ортақ үйімізді бірге қорғауға шақырамын, - дейді Максим Фролов.


 

Өзгелердің жаңалығы