Роналдиномен бір клубта ойнаған қазақстандық футболшы Сауд Арабиясына ауысты

14 Қыркүйек 2020, 11:48
1477
Бөлісу:
Роналдиномен бір клубта ойнаған қазақстандық футболшы Сауд Арабиясына ауысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Футболдан Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Александр Меркель Сауд Арабиясының «Әл-Фейсали» клубына ауысты.

28 жастағы футболшы жаңа клубымен 2+1 жүйесі бойынша келісімге келді.

Меркельдің соңғы командасы Нидерландының «Хераклес» болатын. Бұл клуб сапында ол 2018 жылдан өнер көрсетті. Былтырғы маусымда 25 матчқа қатысып, 2 гол соқты. Сонымен қатар, 4 нәтижелі пасы бар.

Меркель, сонымен қатар, «Милан» клубында ойнаған. Италияның атақты командасы сапында 2009-2011 жылдары өнер көрсетті. Ол кезде командада Роналдино, Дэвид Беккэм, Златан Ибрагимович, Андреа Пирло секілді жұлдыздар болған. Сосын «Дженоа» клубына 6,5 миллион еуроға сатты. 

Нидерландыға ауыспас бұрын Австрияның «Адмир», Германияның «Бохум», Италияның «Удинезе» және «Пиза», Швейцарияның «Грассхопперс», Англияның «Уотфорд» клубында өнер көрсеткен.

2007- 2011 жылдар аралығында Германияның әр түрлі жас көрсеткіші бойынша жасөспірімдер және жастар құрамасында ойнады.  Ал 2015 жылы Қазақстан құрамасының намысын қорғайтыны белгілі болды. Әзірге үш матч өткізген.

Александр Меркель Алматы қаласының маңындағы Есік қаласында дүниеге келген. Әкесі Кеңес өкіметі кезінде «Қайрат» футбол клубының сапында ойнаған. Кейіннен 1998 жылы тарихи отаны Германияға көшіп кеткен. Ол жақта Александр «Штугарттың» футбол академиясында тәлім алды.

Өзгелердің жаңалығы