«Астана Опера» камералық залында «Романс сиқыры» концерті өтеді

25 Ақпан 2019, 12:45
2365
Бөлісу:
«Астана Опера» камералық залында «Романс сиқыры» концерті өтеді

Астана, BAQ.KZ. Көрікті көктемнің алғашқы күні елорда тұрғындары мен қала қонақтарын жарқын әрі жайдары музыкалық кеш күтуде – 1 наурыз күні «Астана Опера» Камералық залында «Романс сиқыры» концерті өтеді.

Бағдарлама әлемдік мәдениеттің бірегей құбылысы – романсқа арналған, сондай-ақ тыңдарман назарына испан сарсуэлалары мен опера көріністері ұсынылған, олар рояль, скрипка, гитара және арфаның сүйемелдеуімен орындалады.

Концертке вокалистер – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры сыйлығының лауреаты меццо-сопрано Татьяна Вицинская, контртенор Батыржан Смақов, халықаралық байқаулардың лауреаты тенор Рамзат Балакишиев және дарынды аспапшылар – Амина Тайкенова ин дер Шмиттен (фортепиано), Любовь Ткаченко (арфа), Әсел Жақиянова (скрипка), Ботагөз Қалиева (виолончель), Әліби Асақаев (гитара), Жібек Сапарғалиева (флейта), Ерболат Ташкенбаев (соқпалы аспап) қатысады.

"Өмірімдегі аса маңызды әрі қуанышты оқиғалардың бірі, оны ерекше тебіреніспен күтудемін. Театрымыздағы қойылымдарда опералық рөлдерді орындаудан бөлек, маған әріптестерім – керемет әртістермен бірге баршаның сүйікті жанрларының бірі – құдіретті «романсқа» арналған осынау концертті жасаудың бірегей мүмкіндігі туып отыр. Әрбір романс – сезімдер мен жан толғанысының жекелеген оқиғасы, шағын моноспектакль, мұнда ішкі жан дүниемізді, ойымызды барынша ашып, музыка мен поэзия әсері арқылы көрерменмен бөлісуге болады. Тыңдарманды музыкалық тосынсыйлар күтуде, әзірге құпия болсын, сүйікті көрерменіміздің көңілінен шығады деген үміттеміз", - деп атап өтті Татьяна Вицинская.

Мазмұнды бағдарламаға барокко дәуірінің сирек орындалатын дуэттері, Фернандо Обрадорс пен Мануэль де Фальяның атақты испан әндері мен сарсуэлалары, көне орыс романстары – «Только раз бывает в жизни встреча», «Ямщик, не гони лошадей», «А на последок я скажу», бұдан бөлек танымал туындылар – Жуль Массненің «Таис» операсына арналған медитация тақырыбына «Аве Мария», Камиль Сен-Санстың «Самсон мен Далила», Жорж Бизенің «Кармен» операларынан көріністер және т.б. енген.

Концертті басталуы сағат 19.00-де.

Өзгелердің жаңалығы