Тікұшақ апаты. Роман Костыговтың мүрдесі туған жеріне жеткізілді

30 Наурыз 2019, 18:10
2498
Бөлісу:
Тікұшақ апаты. Роман Костыговтың мүрдесі туған жеріне жеткізілді
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар. BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында апатқа ұшыраған Ми-8 тікұшағының экипаж құрамында болған ұшқыш, майор Роман Костыгов арнайы бортпен Павлодар қаласына әкелінді. Әскеридің мүрдесін жергілікті әуежайда оның қарындасы Надежда мен жолдасы Ольга қарсы алды. 

Роман Костыговтың  жанұясының орны толмас қайғысына облыстың әскери бөлім өкілдері ортақтасты. Роман Костыгов – Павлодар облысы Ертіс ауданының тумасы. Ертіс ауылындағы №3 орта мектепті тәмамдап, 2003 жылы Ақтөбедегі жоғары әскери ұшу училищесіне мемлекеттік грант бойынша түскен.  Төрт жыл бойы білім алып, кейін Ұшаралда еңбек етті. Бүгінгі күнге дейін Ми-8 тікұшағын басқарып келген. 

Тікұшақ апаты. Роман Костыговтың мүрдесі туған жеріне жеткізілді
«Ағам бала кезінен бастап әскери болуды армандады.  Бала кезімізде әскерилердің киімін киіп, ұшқыш болғысы келетінін айта беретіні әлі есімде. Ол менің жалғыз ағам еді. Жарқын мінезді, ақкөңіл жан болатын. Жұмыстан қолы босай қалса, ауылына келіп, туыстарымен көрісуді ұнататын. Экипажының ішінде сый-құрметке ие, өз ісінің шебері еді. Біз соңғы рет оның жұмыс сапарының алдында телефон арқылы сөйлестік.  Бұл оның соңғы сапары еді», - дейді Надежда.

Роман Костыгов әскери қызметке 12 жылын арнады. Оның артында әйелі мен 10 жастағы ұлы қалды.

Майор ертең туған жері – Ертіс ауылында жер қоцнауына тапсырылады. Ертіс аудынының әкімдігі жерлеу рәсімін ұйымдастыруға қолғабыс жасайды.

Еске сала кетейік, Қызылорда облысында тікұшақ құлап,13 адам қайтыс болғаны туралы хабарлағанбыз. Депутаттар қаза тапқандардың отбасына көмектесуді сұрады. Маңғыстау облысы әрбір әскеридің отбасына 1 млн теңгеден беретіндіктерін жеткізді. Сонымен қатар, экипаж мүшелерінің құрамы және олардың соңғы сәтке дейін ажалмен арпалысқаны жайлы жазған болатынбыз. Сондай-ақ, қаза болған әскерилердің мүрдесін бүгін Қызылордадан өз туған топырақтарына шығарып салған  болатын. 
Өзгелердің жаңалығы