Роман Қадырқұлов: Шәкіртінің өзінен озғанын бедел санайтын ұстаз – нағыз ұстаз

4 Қазан 2019, 12:04
13301
Бөлісу:
Роман Қадырқұлов: Шәкіртінің өзінен озғанын бедел санайтын ұстаз – нағыз ұстаз
PHOTO

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Кейіпкеріміз Түркістан облысы, Созақ ауданы, «Созақ» мектеп-гимназиясының информатика пәнінің мұғалімі. Оның білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша 4, 9, 10 сыныптар үшін жазған информатика оқулықтары апробациядан өтті.

Ол кеше ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен республикалық байқауда «Үздік педагог» атанып, бүгін елге оралды. Қадырқұлов осы құрметті атаққа қалай жетті, оның қандай жетістіктері бар? Жол жүріп шаршап келсе де, өзінің ұлағатты ұстаздық жолы туралы әңгімелеп берді.

– Роман Алауұлы, өмірбаяныңызға қарасам туған жеріңізден жырақтамастан білім саласына үлес қосуды таңдаған сияқтысыз. Әйтпесе көбісі дереу облыс орталығына, астанаға кетуге ұмтылып жатады ғой. Ауыл мектебінде осыншама жыл еңбек етуден не ұқтыңыз?

sam_165154.jpg

– Иә, жақсы байқапсыз. Мен алғаш жетістіктерге жете бастағаннан көпшілік әріптестерімнің айтатын әңгімесі осы болатын. Қазір де соны айтады. Саған не бар ауылда, мен сенің орныңда болсам, баяғыда астанаға, не Шымкентке кетіп қалар едім дейді. Менде ешқашан ондай ой туындаған жоқ. Адам қалада болсын, ауылда болсын өз өмірін қызықты ету оның өз қолында. Мен көпшілік әріптесімнің қалада, облыс орталықтарында жете алмай жүрген жетістіктеріне ауылда тұрып-ақ жетіп жүрмін. Себебі, ауыл дарындылардың қайнар көзі. Тек ерінбей көзін тауып, шығармашылықпен жұмыс жасай алсаң болды. Шамалы жетістікке жеттім деп жұрттың бәрі қалаға қашса, ауылдың баласын кім тәрбиелейді? Адам ең бірінші алдына қайтсем ақша табу емес, қайтсем жақсы білім берем, қайтсем артымда жақсы шәкірттер қалады, қайтсем соларды жоғары жетістікке жеткізіп, нәтиже көрсетем деп мақсат ету керек. Сонда ақша да, атақ-данқ та бәрі де болады.

– Білуімізше, сіз жазған информатика пәні мектепте оқулық ретінде оқытылып жатыр екен. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз. Оқулық жазу идеясы қалай ойыңызға келді, оны енгізуде қиындықтар болды ма?

– Әрине, оқулық жазу деген оңай емес. Біреудің жазған оқулығын оқу да, сынау да оңай. Сол сынағыштың қолына оқулық жаз деп берсеңіз төрт сөйлемнің басын құрай алмауы мүмкін. Менің бүгінгі таңда «Алматыкітап» баспасымен бірге жазған 3-сынып ИКТ (орыс тілінде) оқулығын бүкіл Қазақстандағы орыс сыныптары 100 пайыз оқиды. Ал, 7, 8, 9, 10 сыныптарға арнап жазылған қазақ және орыс тілдеріндегі информатика оқулығыммен Қазақстанның барлық облыстарындағы оқушылар білім алады. Әр жылы менің оқулықтарым 120 мың тиражбен Қазақстанға таралып жатыр. Қазақстан бойынша 250 мыңдай оқушы бар. Оған қоса, параллель сыныптардың оқитынын ескерсек, бұл республикадағы оқушылардың жартысы дерлік. Ал бұл сыныптарда «Алматыкітап» баспасынан басқа тағы да 3 баспа жұмыс жасайтынын ескерсек, менің оқулықтарым үшін үлкен жетістік деп санауға болады.

информатика пәнінен облыстық олимпиада жүлдегер атанған шәкірттерімен бірге нұрмаш арман, нығмет мағжан.jpg

Оқулық жазуға түрткі болған не дегенге жауап бере кетсем. Мен осыдан 4 жыл бұрын бүкіл іс-тәжірибемді жинақтап, қазақ тілінде оқушылар мен мұғалімдерге, студенттерге арналған қазақ тіліндегі программалауға бағыттайтын және оқушыларды информатика пәнінен олимпиадаға дайындайтын кітап жазуды мақсат еттім. Бұл бағытта елімізде осы күнге дейін мұндай мазмұнда кітап жазылған жоқ. Әрине орыстілді кітаптар бар. Бірақ қазақ аудиториясына қазақ тілінде жеткізетін кітап, оқулық болмаған. Мен Алматыға курсқа барғанымда осы оймен «Алматыкітап» баспасына соқтым. Тура сол кезде жаңартылған мазмұндағы информатика оқулықтарын жазу басталып жатқан. Баспа президенті маған сол жұмысты ұсынды. Содан міне 3 жылдың ішінде 6 оқулық жаздым. Оның бесеуі бүгінде сараптаудан жоғары нәтижемен өтіп, республиканың барлық аймағында оқытылып келеді. Осы орайда, менімен бірге жұмыс жасайтын «Алматыкітап» баспасының қызметкерлері жайлы бірер ауыз сөз айтып кетпесе болмайды. «Алматыкітап» баспасының президенті Гауһар Саймасаева бастаған бұл ұжымда педагог авторлардың жұмыс жасауына жан-жақты жағдай жасалған. Гауһар Айтжанқызы баспаға жаңа келген әрбір автормен әңгімелесіп, өзі бағыт-бағдар беріп отырады. Сонымен бірге, ұжымда мықты әдіскер Фарида Лекерова, әрқашан жұмысын жаңа бастаған авторлардың қамқоршысы болып, қолдап-қуаттап жүретін белді қызметкер Бопихан Шәкеевалардың менің автор болып қалыптасу жолыма сіңірген еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Оларды менің авторлық саладағы ұстазым деп мақтанышпен айта алам. Мен Түркістан облысынан шыққан тұңғыш информатика пәнінің авторымын.

– Түркістан облысында Созақ орталықтан өте шалғайда жатқан аудан. Мектебіңіздің материалдық жағдайы қалай?

20150110_205334.jpg

– «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясы шалғайда жатқаны үшін де білім және ғылым министрлігі жүргізген эксперименттерге үнемі «шалғайдағы мектеп» статусымен түсіп отырады. Мен информатика пәні мұғалімі қызметімен бірге 17 жылдан бері осы мектептің ғылыми-әдістемелік жұмыстары бойынша орынбасары қызметін атқарып келем. Мектепте 2003 жылдан бастап республикадағы 52 мектептің бірі болып 12 жылдық эксперимент алаңын 12 жыл бойы сынақтан өткізуге атсалысты. Мен осы экспериментті өткізуге тікелей басшылық жасадым. Осының арқасында мектеп ұстаздары түрлі облыстық, республикалық семинар, конференцияларда өз білімдерін шыңдап, тәжірибе жинақтады. Мектептің материалдық және кадрлық потенциалы қалыптасты. 2015 жылдан бастап мектеп республикадағы 30 мектептің бірі болып жаңартылған білім беру мазмұнындағы пилоттық жобаны іске ойдағыдай асырып келеді. Бүгінгі таңда мектептің алдыңғы директоры Берік Тұрғанбаев негізін қалап кеткен және қазіргі мектеп директоры Айсұлу Ұлымбаева жалғастырып жатқан осы пилоттық жобаны бастауыш сыныптар және 5-10 сыныптар сәтті аяқтады. Осы орайда 1979 жылы беріліп, 30 жылдан аса күрделі жөндеу көрмеген, төбесінен су өтіп, құлауға айналған мектепті 2012-2017 жылдар аралығында басқарған Берік Мыңжанұлының шапқылап жүріп, тиісті орындарға хат жазып, мектепті қайта толық жөндеуден өткізіп, оның материалдық базасын нығайтып, спорт залын қайта салып бергені үшін мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындарының алғысы шексіз. Берік Мыңжанұлы басқарған жылдары мектептің материалдық базасы барынша нығая түсті. Бұл әрине білікті басшының арқасы деп білеміз.

– Оқушылардың білім деңгейі қандай? Ауыл мектебі мен қала мектебінің айырмашылығы бар ма?

20150110_205411.jpg

– Біздің мектеп оқушыларының деңгейі қала деңгейінен кем емес. Мектепте 1995 жылдан бастап гимназия алаңы жұмыс істейді. Осы гимназияның оқушылары тек аудан, облыс емес республикалық олимпиадалар мен байқауларда да топ жарып жүр. Атап айтар болсақ, 2013 жылы 11-сынып оқушысы Зияда Жұрсынбай «Жарқын болашақ» олимпиадасының республикалық кезеңінде 1-орын иеленіп, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің грантын жеңіп алды. Дәл сол сияқты мектеп қабырғасында жүріп-ақ информатика пәнінен облыстық олимпиада жеңімпаздары, университеттің грант иегерлері Қуаныш Қыдырәлітегі, Асхат Амангелдиевті айтуға болады. Сонымен бірге, информатика пәнінен қатарынан 3 жыл облыстық олимпиадада 1-орынды бермеген Мағжан Нығметті (бұл күндері Шымкент педагогика институты информатика факультетінің 4-курс студенті ), дәл осылай қатарынан 3 жыл облыста 1-орынды бермеген Айдос Зиятбекті атап өтуге болады. Айдос 2016 жылы республикалық пәндік олимпиадада жүлдегер атанып, «Ең үздік ауыл оқушысы - 2016» номинациясын жеңіп алған. Айдос болашақ мамандығын осы пәнмен байланыстырып, бүгінде Халықаралық ІТ университеттің 2-курсында білім алып жүр. Осы оқушылармен қатар 2016 жылғы республикалық Абай оқуларының жеңімпазы Мавлюда Мауленқұлды, 2018 жылғы республикалық Абай оқуларының жүлдегерлерін де атап өтуге болады. Бүгінгі цифрлық технология және интернеттің дамуы ауыл мен қала баласының білімін бір-біріне теңеді десек болады. Егер мұғалім ерінбей еңбек етсе ғана жоғарыда айтылғандай жетістіктер болады. Ауыл баласының білімі әрқашан қала баласыныкімен тең дәрежеде болары анық.

– Бізде бір стереотип қалыптасып қалған ғой, ауыл мектептеріндегі оқушылар орыс тіліне, математика, химия, физика, информатика сынды пәндерге бейім емес. Орыс тілін жетік білмегендіктен де қалаға барған кезде тарих, қазақ тілі мен әдебиеті сияқты гуманитарлық пәндерді таңдап жатады деген ой басым. Бұған ауыл мектебіндегі ұстаз ретінде не айтар едіңіз?

– Оның бірнеше себебі бар. Әрине сұрақта айтылған пәндерде қазақ тіліндегі әдебиеттерге қарағанда орыс тілдегілер басым. Сол үшін орыс тілін – мұғалім үшін де, оқушы үшін де дәл бүгінгі таңда білу керек-ақ болып тұр. Мен өз оқушыларымды орыс тілдегі сайттардан есептер шығартып үйретемін. Сонымен бірге, программалаудың өзіндік терминдерінің бәрін орыс тілінде өзім үйретіп отырамын. Әрине біздің ауылда орыстілді тұрғын жоқ. Сол үшін сабақта үйренген орысшасын балалар еш жерде қолдана алмайды. Практика болмаған жерде кез-келген білім ұмыт болары анық.

Тағы бір назар аударатын жайт, қазір ауылдарда көпшілік ата-аналар орыс тіліндегі бағдарламаларды көрмейді, тек қазақ тіліндегі шет елдің және өзіміздің сериалдарды таңның атысынан түнге дейін көреді. Ендеше ол үйдегі тәрбиеленіп жатқан баладан қандай орыс тілін түсінетін оқушы шығу мүмкін. Орыс тілін білмеген соң жаратылыстану пәндерін де меңгеру қиынға соғады. Содан шығар көпшілігінің жаңағы сіз айтқан гуманитарлық пәндерге оқуға бейім болып тұратыны.

– Баланың білімге құлшынып тұруына мұғалім әсер ете ме әлде баланың өзінде де талпыныс болу керек пе?

– Әрине, барлық мәселе мұғалімде ғой. Мектепке алдыңа келген бала жас шыбық. Қалай исе, солай кетеді. Үйретсең, қызықтыра алсаң үйренеді. Өзің түсінбесең, үйрете аламасаң, онда ештеңе шықпайды. Мен өз тәжірибемнен оқушыларды программалауға дайындау үшін 5-сыныптан іріктей бастаймын. Ол олимпиадаға қатысқанша 3-4 жыл ішінде толық меңгеріп алады. Сонымен бірге, жоғары сыныптың балаларын төменгі сынып оқушыларына бекітіп беремін. Бала балаға мұғалімге қарағанда өте жылдам және жақсы үйретеді. Үйрете отырып жоғары сыныптың оқушысы өзі білмейтін материалдарды да терең түсінетін болады. Әрі қарай күрделі материалдарды өзім үйретемін.

– Қазір білім жүйесі күрделеніп кетті. Оқулықтар жыл сайын жаңарып жатады. Бірде таныс бір мұғалімнің «Бұрынғыдай баға қойылмайтыны жаман болды, оқушылар сәл де болса 5, 4 алуға ұмтылатын. Қазір оқығысы келмейді» деді. Сіздерде бұл жағы қалай?

– Мақал бар ғой: «Қораз бар жерде таңды бірдей шақырады» деген. Бізде де дәл солай. Баға оқушыларды оқуға итермелейтін стимул. Онсыз болмайды. Бұрынғы баға жүйесінің жақсы жағы, оқушылар сол баға үшін күнде жаттап келіп болса да, сабақ айтып баға алып жататын. Төмен баға қойсаң ұялып, ертеңіне оқып келетін. Ал кемшін тұсы, сол жаттап айтудың арқасында бес қойған оқушыңыз көбіне дәл сол бес алған сабағын бір айдан кейін сұрасаңыз ұмытып қалады. Ал жаңартылған жүйеде оқушылар студенттер сияқты күнде бағаланбайды. Формативті бағалауда сен жақсы, сен өте жақсысың, сен талпын деген оларға онша әсер етпейді (бұл менің жеке көзқарасым). Бұрынғыдай 2 қойып ұялта алмайсың. Әр тарауда оқушылардың өзі оқитыны бар, көшіретіні бар, әйтеуір жиынтықтарды тапсырып бұйырған бағасын алып жүр. Әр күні алып жатқан тұрақты 4 немесе 5 болмағасын күнде 5 алып қалыптаспаған соң, тоқсан соңына алған төмен бағасына оқушының онша ренжи қоюы да екіталай. Баға айлық жалақы емес қой, айына бір рет алатын. Сол үшін де бағалау туралы айтса менің жоғарыда айтқан кемшіліктерге қарамай, сол ескі бағалау жүйесіне бүйрегім бұратын жері бар.

– Қазір ер мұғалімдер азайып кетті. Көбіне әйелдердің мектеп директоры, мұғалім болып отырғаны жасырын емес. Бұған бәзбіреулер ер баланың тәрбиесі босаңсып кетті, ер азаматтарша тәрбиелейтін мұғалімдер жоқ, ұлдарымыз жуас, қыз мінезді болып кетті деп сан-саққа жүгіртеді. Ер мұғалім ретінде бұған не айтар едіңіз?

– Бұл сұраққа жауап оңай. Ер баланы ер мінезді етіп ер адам ғана тәрбиелейді. Қыздарды қыздай етіп әйел тәрбиелейді. Қай заманда еркектің қыз балаға қыз тәрбиесін бергенін көріп едік. Ер балаға ер мінезділікті әйел адам үйрете алмайды. Әйел адам – бірінші орында ана. Ал ананың бала дегенде жүрегі нәзік болады. Бір ғана мысал, ұл балалары көп үйде өскен жалғыз қыз баланың көпшілігі еркекшора болып, ұлдармен төбелесуге, жаға ұстасуға дайын болып өседі. Ал керісінше өңкей қыздың арасында өскен ер бала қызмінезді болып өседі. Осыдан-ақ бүгінгі мектеп қабырғасындағы ер балалардың тәрбиесінің қайда бара жатқанын түсінуге болады. Мысалы біздің мектепте жұмыс істейтін 145 мұғалімнің 20-сы ғана ер адам. Ал оның 12-сі дене тәрбиесінің мұғалімі. Сол үшін жаратылыстану пәндерінде ер адамдар басым болу керек.

– Оқулықтан басқа өзіңіз еңбек етіп жатқан мектепке басқа қандай жаңашылдық енгізе алдыңыз?

– Әрине, оқулық менің кейінгі 4 жылдағы еңбегім. Мен мектепке келген күннен бастап оқушыларды олимпиадаға дайындауда жүйелілік енгіздім. Көбіне мұғалімдер тек сабақ беретін оқушысын ғана олимпиадалар мен байқауларға дайындайды. Келесі жылы ол оқушыға сабақ бермесе, оқушы сол күйі қалып кетеді. Ал ол келесі жылы басқасын дайындайды. Сонымен нәтиже жоқ. Ал мен 5-11 сыныптар арасында өз пәніме қызығатын оқушыларды үнемі жинап отырдым. Мен оларға сабақ беруім міндетті емес. Яғни шәкіртпен ұстаз арасында қарым-қатынас құруды жолға қойдым. Осының арқасында біздің мектеп аудандық пәндік олимпиадаларда командалық есепте үнемі бірінші орында келеді.

– Не себепті ұстаз болуды таңдадыңыз, мамандығыңыздан шаршап, жалыққан кездеріңіз болды ма? Қазіргі заманның ұстазы қандай болу керек сіздіңше?

– Мұғалім болуды армандадым деп жалған айтпай-ақ қояйын. Бірақ бұйырған мамандық осы болды. Біздің уақытымызда ауыл баласы үшін оқуға түсу қиын болатын. Физика факультетіне ешкім оқуға баруға жүрегі дауалай бермейтін. Сол пән маған бұйырды. Бұл жұмыстан жалықсам баяғыда тастап кетер едім. Сол ұстаздықтан жалықпау үшін үнемі айналама шәкірт жинадым. Соларды үйреттім. Олардың білімін көтердім. Өзімде солармен бірге өстім. Менің білім деңгейім облыстық олимпиада деңгейіне жеткенде, шәкірттерім облысты бағындырды. Менің деңгейім республикалық олимпиадаға жеткенде, шәкірттерім республиканы бағындырды. Әрине ауылда отырып, бүкіл республикаға басымдық жасау қиын. Бірақ мен бұл мақсаттан ешқашан бас тартқан емеспін. Өз басым қазіргі заманның ұстазы немесе бұрынғы заманның ұстазы деп бөлген емеспін. Қай заманның ұстазы болсаң да заманына қарай үнемі ізденіп, дамып отыратын және бастысы білгенін шәкіртіне үйретуге құлшыныс жасайтын, шәкіртінің өзінен озғанын бедел санайтын ұстаздар ғана қай кезде болсын нағыз ұстаз болады деп есептеймін.

– Ұстаз, педагог, мұғалім, оқытушы деп жатамыз. Бұл ұғымдар сіз үшін нені білдіреді?

– Негізі бұл ұғымдар көбінесе синоним ретінде қолданылғанымен, олардың бір-бірінен айырмашылығы бар. Мен оған былайша дәлел келтірген болар едім. Мысалы, мектепте мұғалім бір пәннен сабақ берді делік. Мұғалім сабақ барысында жоспардағы тақырып бойынша білім беріп шығады. Сабақтың тәрбиелік функциясын да орындап кетеді делік. Бұл оның жоспарлаған мұғалімдік функциясы, яғни мұғалім. Ал осы мұғалімдік функцияны өз дәрежесінде орындайтындар бар, орындамайтын да мұғалім бар. Ал соның ішінде оны асырып орындайтындар бар. Баланың сабақтағы алған әрбір біліміне, тәрбиесіне шын жанашырлықпен қарайтын, баланың болашағы үшін күйіп, қам жейтін мұғалімді нағыз педагог дер едім. Ал ұстазға келсек, ұстаз балаға 20-30 жылдап жинаған бойындағы бар білімімі мен тәрбиесін үйрете отырып, болашаққа жол көрсетуші, өз мамандығының бүкіл қыр-сырын үйретуші, өзінің бүкіл жүріс-тұрысымен болмысымен балаға өрнек бола алатын мұғалімді айтар едім. Мен алғаш жұмыс бастағанда алдыма мақсат қойғанмын. Маған Құдай өмір беріп, 40 жыл ұстаздық етсем, 40 мықты шәкіртім болады деп. 21 жылдың ішінде мұғалім ретінде мыңдаған балаға дәріс берсем де, мен өзімнің 30 нақты шәкіртім бар деп санаймын. Мен өз шәкірттеріме информатика ғылымын терең меңгерттім. Программалау саласының бүкіл қыр-сырын үйреттім. Тек қана білім емес, олардың осы саланың маманы ретінде қалыптасуына ықпал жасадым. Бүгінгі таңда осы шәкірттерім информатика саласындағы мамандықтарды меңгеріп, республиканың түпкір-түпкірінде қызмет етіп келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы