Жанат Сманқұлова: Робототехниканы ауыл балалары да меңгерсе деймін

13 Қараша 2019, 16:56
10068
Бөлісу:
Жанат Сманқұлова: Робототехниканы ауыл балалары да меңгерсе деймін
EX PHOTO

 Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласындағы Білім және жаңа технологиялар инновациялық орталығының директоры, профессор Жанат Сманқұлова BAQ.KZ тілшісімен сұхбаттасу барысында ауылды жердегі балалардың робототехниканы игеруі кешеуілдеп жатқанын айтты.

DSC_0233.JPG

– Алғашқы сұрағымызды осы орталықтың құрылуынан бастасақ, қай кезде ашылды және орталық не үйретеді?

– "Білім және жаңа инновациялық технологиялар орталығы" мекемесі 2011 жылы құрылған. Менің білім саласында жұмыс істеп келе жатқаныма 30 жылдай болды. Халықаралық әріптестік орталығының мүшесі. Қазақстан Республикасының қалалары мен облыстарындағы әріптестерімізбен сәтті тәжірибе алмасу біздің Орталығымызға жақсы бедел мен сенімге ие болуға мүмкіндік берді. Еңбегіміз әр тараптардан белгілі бағаларға ие болып жатыр, соның ішінде орталығымыз "Индустрия көшбасшысы – 2013-2019 жылдар" ұлттық сертификатымен марапатталған, орталықтың миссиясы – педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру. Білім алушыларға қолдау көрсетіп, білім саласындағы жаңа инновацияларды жүзеге асыру. Соның ішінде Мемлекеттік білім стандартына сәйкес робототехникадан балаларға қосымша білім беру жобасын қолға алудамыз, ол жобаны іске асыру мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, орта білім беру (бастауыш, негізгі, орта білім беру) стандарты негізге алынған. Қазір Алматы облысындағы мектептердің көпшілігімен меморандумға отырып, тәжірибелік алаң ретінде алдық. Біздің жасаған әдістемелік құралдарымыз осында енгізілуде. Алматы облысының шалғай ауылдарындағы мектептерді робототехника мен технологиялық инновациялар бағытында біліммен сусындатсақ дейміз. Оның үстіне 34 сағатқа арналған "Робототехника негіздері" деп аталатын әдістемелік құрал мен бағдарлама жасап шығардық, онда әртүрлі жас ерекшелікке арналған бағдарламалар түсінік хаттарымен, мақсаттарымен, міндеттерімен, субъектілерімен, әдіс-тәсілдерімен берілген. Ұсынылып отырған жинақта робототехника, құрастыру, модельдеу, бағдарламалау мен инженерия материалдары берілген.

IGTN7829.JPG

– Сіздер сонда балаларға робот жасауды өздеріңіз үйретесіздер ме?

– ХХІ ғасыр – робототехниканың заманы. Экономикамызды ілгерілету үшін осы салаға терең ден қоюымыз керек. Балалар мен жастардың жоғары технологиялық өндіріске, инновациялар мен инженерлік әзірлемелерге деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Бағдарлама құрастыру барысында келесі ерекшеліктер ескерілді: мақсаттық жүйеге қол жеткізу арқылы мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, орта білім беру (бастауыш, негізгі, орта білім беру) күтілетін нәтижелер түрінде ұсынылған білім мазмұнын жақсарту.

HKLR7420 (1).JPG

Балалар мен жастардың жоғары технологиялық өндіріске, инновациялар мен инженерлік әзірлемелерге деген қызығушылығын арттыру болып табылады.

"Робототехника" бағдарламасы білім алушылардың жас ерекшеліктеріне қарай үш негізгі бөліктен тұрады: Microbot 8 жастан 10 жасқа дейін, Traektoria 11 жастан 13 жас аралығында, Kverslag-қиылысу 14 жастан 16 жасқа дейін. Бағдарлама оқушыларды командалық жұмысқа, ғылыми-техникалық білімін шыңдап, күнделікті өмірде қолдануды және техникалық пәндерге деген қызығушылығын арттыруды көздейді.

HQBC4260 (1).JPG

– Шалғайда жатқан мектептермен жұмыс істеп жатырмыз дедіңіз, оның ауыртпалығы да көп шығар?

– Рас айтасыз, әсіресе шалғайда жатқан ауыл мектептері оқушыларының робототехникаға деген қызығушылығын ояту үшін олармен жұмыс істеп жатырмыз. Сыныпта оқушылар алдымен оқу модулінде бағдарламалауды игеріп шығады. Онда оқушылар "Scratch", "Python", "С++", "Java", екінші оқу модулінде робототехниканы меңгереді. Онда оқушылар "Лего" және "Арудинно", үшінші оқу модулінде 3D модельдеуді игереді. Онда оқушылар "AutoDesk", "SketchUp", "SolidWorks" бағдарламаларын меңгеріп шығады.

IMG_20191031_091630.jpg

Робот техникасы негіздерін зерттеу, инженерлік дизайн және технология, жаратылыстану-математика бағыты білім алушылардың роботтарды модельдеу және бағдарламалау, түрлі тапсырмаларды орындауы үшін LEGO MINDSTORMS EV3 және Arduino микроконтроллерін қолдана отырып, құрастыру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Мәселен, бір технологияның қалай құралатынын видеоға түсіріп жасап шықтық. Енді оны балалардың өздеріне құрату үшін тапсырма ретінде беріп отырмыз. Видеоны бірнеше рет қарап отырып, оқушы өз бетінше құрауды үйренеді. Осылайша әр мектеппен жұмыс істеп жатырмыз, әрине қиындықтар көп. Arduino озық оқу платформасы білім алушыларға инженерлік, нұсқаушылық, шығармашылық идеяларды іске асыру және өз әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді.

IMG_20191031_091653.jpg

– Білім басқармасынан қандай да бір қолдау бар ма?

– Біз жобамызбен Алматы облысының Білім басқармасына бардық. Алайда, олар бізбен жұмыс істеуге құлықсыздық танытты. Соған қарамастан, орталықтың оқытушы профессорлар құрамы келісімін берген мектептермен жұмыс істеп жатырмыз. Алдымен мұғалімдерге үйретеміз, сенбі күндері орталығымызға келіп технология бойынша қалай жұмыс істеу керегін үйренеді. Сөйтіп олар мектептегі оқушыларға тәжірибесімен бөліседі. Мәселен, Қаракемер ауылындағы мектеп біздің оқу-әдістемелігімізді өздерінде тәжірибеден өткізді. Нәтижесінде оқушылар биылғы жылдың тамыз кеңесінде конструкторлық жобаларды шешу кезінде құрастыру дағдыларын қалыптастыру бойынша алғашқы тәжірибелерімен бөлісті. Робототехника және білім саласындағы заманауи әзірлемелерді пайдалану арқылы білім алушылардың сабақтан тыс уақыттарын тиімді ұйымдастыруға ықпал етті. Білім алушылардың ұсақ моторикасын, есте сақтау қабілетін, ұқыптылықты, өнертапқыштық қабілетін дамытты. Білім алушылардың шығармашылық белсенділіктерін, әртүрлі жағдайларда оңтайлы шешім қабылдауда тәуелсіздік танытуды, назарды, есте сақтау қабілетін, ойлау (логикалық, комбинаторлық, шығармашылық) қабілетін дамытты. Оқушылар шығармашылық, жобалау-зерттеу және құрастыру дағдыларын дамытуды үйренді.

Осылай жүйелі түрде білім алушыларға білім беретін болсақ, еліміз робототехника саласында белгілі бір жетістіктерге жетіп, өзіміздің индустриялды роботтарды шығара алатын зауыттарды құра алатын боламыз. Ең бастысы – шын ниетпен еңбектенсек, алдымызға қойған мақсатымызға жетеміз.

IMG_20191031_091919.jpg

– Оқушылардың жетістіктері жайлы айта отырсаңыз?

– Біздің орталыққа жақын маңдағы мектептің оқушылары әр сенбі өздері келіп жұмыс істейді. Әр мектептің өзінің келетін күндері, кестесі бар. Оқушы үшін алдымен жоспар құрылады. Мысалы, оқушы бағдаршам жасағысы келді дейік. Оған алдымен не керек, қандай материалдан жасалады, сол жан-жақты талқыланып, сызбасы сызылып, тізімі жасалады. Бәрі жүйемен жасалу керек, сонда ғана жақсы нәтиже болады. Схемасын әзірлеп, соңында программасын енгізеді. Қазір Құдайға шүкір, программаның барлығы дайын. Тек соны енгізіп үйрену керек. Осыған қызығушылық танытқан бала ары қарай өзін жетілдіріп, өз идеясымен жұмыс істейді. Мәселен, алғашқы әскери дайындықта балалар танкіні оқиды екен, олар мына 3D принтермен өздері танкіні құрап шығарды. Орталыққа келетін балалар қазір көп нәрсені біледі, өз қолдарымен тағы бір 3D принтерді құрап шығарды. Оқушылар курс соңында команда болып жұмыс істей білу қабілетін дамытады, білім алуға арналған конструкторларды пайдалану арқылы роботтарды жинастыру, модельдеу және құрастыру, роботтарды визуалды графикалық ортада бағдарламалауды үйреніп шығады.

YCXW4149.JPG

– Ауылды жердегі балалармен жұмыс қалай жүргізіледі?

– Мысалы, бір аудандағы үш-төрт ауыл үшін ауылдық округтен орталық ашылған. Сол жерде семинарлар жүргізіліп, оқыту, үйрету жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін оқушылар болсын, мұғалімдер болсын білмеген жерін бізге скайп арқылы хабарласып, сұрап біліп отырады. Қазір технологияның дамыған заманы ғой, кез келген нәрсені ұзақтықтан көріп, білуге болады. Бір сөзбен айтқанда, білімімді жетілдіремін, ізденемін деген адамға бәрі бар. Мүмкіндіктің барлығы жасалған. Тек жалқау болмай ізденіп, өзінің идеясын жан-жақты дамытса болғаны. Бізге үкімет бәрін дайындап әкелуі керек деген Совет үкіметінің сарқыншақтары әлі де бар. Тек тиімді жұмыс істеу дағдысы ғана ақыл-ой, ұшқыр қиял, білім-білік сияқты аса маңызды ресурстарды соңғы нәтижеге айналдыра алады.

IMG_20191031_101741.jpg

– Орталықта қанша адам жұмыс істейді?

– Бізде IT мамандары, оқытушы профессорлар келісімшартпен жұмыс істейді. Барлығы он бестей адам, олар үнемі отыра бермейді. Әркімнің өз міндеті, тапсырмасы бар. Кейбір мұғалімдер осында өздерінің авторлық жұмыстарымен айналысады.

IMG_20191031_101829.jpg

– Сіздердің өзге орталықтардан қандай ерекшеліктеріңіз бар?

– Робототехниканы мектепке алғаш енгізгенде мұғалімдердің өзі біз не үйретеміз деп сасып қалды. Оны мұғалімдердің біліктілікті арттыру орталықтары теория жағынан курстардан өткізді. Бұл жерде теория мен практика қатар жүру керек. Біз соны ескеріп, оқу-әдістемелік құралымен қоса практикалық жұмыстарды қатар енгіземіз, басты артықшылығымыз да осы. Мұғалімдерге сырттан ештеңені іздеудің қажеті жоқ, бәрін дайын күйінде береміз, тек осыны енгізсе, білсе болғаны.

IMG_20191031_101757.jpg

– Әңгімеңізге рахмет!
Өзгелердің жаңалығы