Ұрлық «ауыр қылмыс» санатына жатқызылмақ

11 Қыркүйек 2019, 14:03
2240
Бөлісу:
Ұрлық «ауыр қылмыс» санатына жатқызылмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде ауыр қылмыс жасаған азаматтардың жауапкершілігін күшейту және тиісті заңды қатаңдату тақырыбында брифинг өтті. 


Брифингте Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Бас прокуратура әзірлеп жатқан сәйкес заң жобасын таныстырды.

«Қазіргі заң жобасына мал ұрлығы бойынша жеке ереже енгізіледі. Ғимарат, қойма немесе көлікке кіріп, ұрлық, тонау жасағаны үшін жауапкершілік күшейтіледі. Бұндай қылмыстар «ауыр қылмыс» санатына ауыстырылады. Орташа ауыр қылмыстан ауыр қылмысқа ауысу оларға келтірілген зардапты өтеу мен татуласуға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен құтылуға мүмкіндік бермейді», - деді Марат Ахметжанов.

Оның айтуынша, орташа ауыр қылмыс бойынша да қайталап татуласуға тыйым салынады. Жалпы, татуласу институтын жиі пайдалану шектелмек. 

Бұған дейін балаларды зорлағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылып жатқанын хабарлаған едік. Қорықшылардың өміріне қауіп төндіргендер енді қатаң жазаланатынын да айтқан болатынбыз.

Еске салсақ, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауыр қылмыстар үшін жаза күшейтіледі деген еді.
Өзгелердің жаңалығы