Ринат Ибрагимов: Пандемия басталғанда атыраулық спортшылар жаппай қайырымды іске жұмылды

22 Мамыр 2021, 11:10
4683
Бөлісу:
Ринат Ибрагимов: Пандемия басталғанда атыраулық спортшылар жаппай қайырымды іске жұмылды
Сұхбат PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атыраудағы бұқаралық спорттың дамуы, спортшылардың жетістіктері туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов мырзамен сұхбаттастық.

- Ринат Хисаұлы, Атырау облысы спорт басқармасын қанша уақыттан бері басқарып келесіз? Өңірде осы салада өзгеріс бар ма?

- Басқармаға 2018 жылдың күзінде келдім. Басты мақсатым бұқаралық спортты және спорттық резервті қалыптастыру. Қазіргі таңда спортта дарынды балаларға арналған интернат салу мәселесі шешімін тауып жатыр. Кенжелеп қалған күрес түрлері жанданып, спортшыларымыз Азия және әлем чемпионаттарында жүлделі орындар еншілей бастады. Осыдан бір жыл бұрын «Атырау» шағын футбол командасын құрғанбыз. Бір жыл ішінде ел чемпионатының күміс жүлдегері атанып, чемпиондар лигасына жолдама еншіледі.

Ринат Ибрагимов: Пандемия басталғанда атыраулық спортшылар жаппай қайырымды іске жұмылды

 - Спорт саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруда аймақта қандай ірі жобалар жүзеге асып жатыр?

- Мемлекет басшысы Жолдауында айтып өткендей, қазіргі уақытта бұқаралық спортқа, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер спортына көбірек басымдық берудеміз. «Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының» жобасы және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша облыста 36 спорттық кешен құрылысын салу жоспарлануда. Бұл арқылы спорттық кешендердің тұрғындарға қолжетімділігі артып, спортпен шұғылданушылар саны көбейетін болады.

 - Пандемияның салдары көп жобаға кедергі болды ма?

- Иә, пандемия қай салаға да өз әсерін тигізгені рас. Көптеген жоспарымыз кейінге қалдырылды. Карантин режимі басқа облыстарға қарағанда Атырауда ұзаққа созылып, спортшылардың дайындық жұмыстарына кедергі болды. Оған қарамастан облыс спортшылары ресми чемпионаттардан 500-ге жуық медаль еншіледі. Сол себепті де бұл медальдардың орны ерекше деп білемін. Пандемия уақытында жетекші спортшылар мен жаттықтырушылар халықты азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамту, ауруханаларды оттегі баллондарымен қамтамасыз етуде көмектерін аямай көрсетіп, облыстың барлық тұрғындарына, әсіресе балалар, жасөспірімдерге отансүйгіштіктің, патриоттықтың, жүректілік пен батылдықтың үлгісі бола білді. Менің ойымша осы тұста спортшылар қазіргі күннің батырлары екенін дәлелдеді.

Ринат Ибрагимов: Пандемия басталғанда атыраулық спортшылар жаппай қайырымды іске жұмылды

 - Өңірде балалар мен жасөспірімдер спортының даму деңгейі қандай?

-Облыс бойынша 17 спорт мектебінде спорттың 26 түрі дамуда. Онда спортпен шұғылданатын балал саны 13497. Қазіргі таңда мектеп жасындағы балалардың 15,5 пайызы спорт мектептеріндегі секцияларда тегін шұғылдануда. Спорт түрлерін дамыту бойынша облыс көлемінде 8749 секция жұмыс әс тейді. Облыста бір маманданырылған мектеп  бар. Сондай-ақ облыс көлемінде 9 кәсіби спорттық клуб жұмыс істейді. Олар волейбол, баскетбол, футбол, футзал, хоккей, бокс клубы, мүгедектер спорттық клубы, су спорты түрлері клубы, ұлттық спорт түрлері. Оның ішінде балаларға арналған футбол академиясы, «Атырау барыстары» баскетбол академиясы, хоккейден балалар командасы мен баскетбол академиялары бар.

- «Атырау» футболының жанкүйерлері клуб басшыларына наразылық білдірді. Олардың сөзінше өңір футболының өрге шықпауы ойыншылардан емес, ұйымдастырушылардан екен. Осы мәселеге бас спортшы ретінде не айтар едіңіз?

- 2020 жылы футбол командасына премьер лига ойындарына жолдама алу туралы тапсырма беріліп, сәтті орындады. Жанкүйерлер тарапынан жаңа маусым бастала салысымен наразылықтар туындады. Дегенмен соңғы ойындарда командамыз жинақталып, керекті ұпайларды еншілеуде. Спорт болған соң жеңіс те, жеңіліс те болады. Командамыз өз ойын өрнегін қалыптастырып, соңғы ойындарда жеңіске жетіп келеді.

Ринат Ибрагимов: Пандемия басталғанда атыраулық спортшылар жаппай қайырымды іске жұмылды

Футбол әлем бойынша нөмір бірінші спорт түрі болып саналады. Сол себепті жан-жақты дамыту мақсатында аудандарды қамтуда жұмыс істеп жатырмыз. Бұрын академия қала орталығында болса, соңғы 2-3 жылдықта барлық аудан түгел дерлік қамтылып, биыл соңғы Жылыой ауданында академия ашылғалы жатыр.  Біздің басты мақсатымыз балалар спортын дамыту арқылы болашақта негізгі клубта ойнайтын ойыншыларды шығару.

- Мүмкіндігі шектеулі жандар спорттан жетістіктеге жетіп жүр. Басқарма тарапынан бұл споршыларымызға қандай қолдаулар көрсетіледі?

- Атырау облысының паралимпиадашылары ел құрамасының негізгі бөлігін құрайды. Паратеквондошы Нұрлан Домбаев пен жүзуден Ержан Сәлімгереев паралимпиада ойындарына лицензия еншілеп үлгерді. Одан бөлек тағы 4-5 пара спортшымыз лицензиядан үмітті. Спортшыларға облыстық Мүгедектер спорттық клубы келісім шарт арқылы жалақы төлесе, жетістікке жеткен спортшылар ай сайынға облыс әкімінің стипендиясын алып отыр. Қазіргі уақытта спортшыларды үйінен тасымалдау секілді барлық жағдай жасалған.

- Әр спортқа білікті бапкер керек. Осы жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, тәжірибесін шыңдау бағытында қандай жұмыстар атқарылады?

-Жаттықтырушылардың біліктіліктерін арттыру мақсатында түрлі курстарға қатыстыру, тәжірбие алмасу мақсатында оқу-жаттығу жиындарына жіберу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Кейбір кенже қалған спорт түрлерін дамыту үшін басқа облыстардан бапкерлер шақырамыз. Мысалы облыста бұрын болмаған велоспортты дамыту мақсатында арнайы бапкер алдырттық.

- Ауыл спорты қандай деңгейде? Спорт мектептері бар ма? Бапкерлер жеткілікті ме?

- Облыс бойынша 69 ауылдық округ бар. Бүгінгі күні «Спорт жөнінен нұсқаушы» штаты 24 ауылдық округтерде енгізілген. Нұсқаушылар санын кезең-кезеңімен көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл ауылдарда бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізері сөзсіз. «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында көптеген спорттық кешендер салынуда. Таланттардың көбі ауылдық жерден шығатыны жасырын емес.

Ринат Ибрагимов: Пандемия басталғанда атыраулық спортшылар жаппай қайырымды іске жұмылды

- Бұқаралық спортты дамытуға бетбұрыс қалай?

-2017 жылдан бері бұқаралық спортты дамыту мақсатында «Атырау қайырымдылық марафоны өткізіліп келеді. Жыл сайын қатысушылар саны артып, 2019 жылы 3000 адамды құрап, халықаралық дәрежеге жетті. 2020 жылы пандемияға байланысты марафонды онлайн түрде өткізіп, оған 2000-ға жуық тұрғын қатысты. Жалпы Атырау облысында жылда 7 ірі марафон, велошерулер, стритбол мен стритуоркауд бәсекелері дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Алдағы уақытта 25 Street Workout спорттық алаңдарын салу көзделіп отыр.

- Жалпы атыраулықтардың қандай спорт түріне қызығушылығы басым? Бұған мониторинг жасап отырасыздар ма?

-Атырау облысының географиялық ерекшеліктеріне орай көбіне жекпе-жек спорт түрлері, таеквондо мен күрес түрлері ерекше дамыған. Онымен қоса «Жайық» өзені өңірде тарихы мол ескек есу спорты түрімен айналысуға мүмкіндік береді. Облыста жетекші спорт түрі ретінде таеквондо спорты танылады. Осы уақытқа дейін Олимпиада ойындарынан бастап барлық деңгейдегі жарыстарда. Арман Чилманов, Лия Нуркина, Сәуле Сардарова, Гулнафис Айтмухамбетова, Джансель Дениз сынды спортшылар әлемдік аренада көк туымызды желбіреткен. Қазіргі таңда 3583 адам таеквондомен шұғылданады. Екінші орында 2018 жылы конфедерация кубогін ұтып алған дзюдо спорты. Атыраулық дзюдошылар 2019 жылғы алғашқы командалық Қазақстан чемпионатында алтын жүлдеге ие болды. Бұл спорт түрімен 2375 адам айналысады. Үшінші орында волейбол спорты. Волейболшылар 2018 жылы Қазақстан чемпионаты, Қазақстан кубогі мен Супер кубогінде жеңімпаз атанып, 2019 жылы күміс жүлдеге ие болды. Онымен қоса Мьянма елінде клубтар арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Командалық бұл спорт түрімен облыста 16 235 адам шұғылданады.

 - Атырауда Әлем және Азия чемпиондары бар. Олар жергілікті спорттың жетістігінің көрсеткіші. Енді осы спортшыларға қандай қолдаулар көрсетіледі?

-Облыста жоғары жетістікке қол жеткізіп, жеңіске жеткен спортшыларға ынталандыру мақсатында жеткен жетістіктеріне орай ай сайын арнайы төлемдер төленеді. Бұл спортшыларға үлкен қолдау болып отыр.

 - Соңғы жылдары елімізде ұлттық спорт жақсы дамып келеді. Ал бұл қарқын Атырауда қалай?

- Ұлттық спорт түрлері үлкен қызығушылыққа ие. Атырау облысында 15 мыңға жуық адам ұлттық спорт түрлерімен шұғылданады. Спорт мектептерінде тоғызқұмалақпен 479 бала, қазақ күресімен 959 бала тегін айналысады. Жалпы ұлттық спортты кеңінен насихаттау мақсатында жыл сайын "Дарабоз" халықаралық турнирін ұйымдастыруды қолға алдық. Ауылдарда жылқы асырап, көкпар ойнайтын жастар қатары артып келе жатқаны көңіл қуантады.

-Сұхбатыңызға рахмет!



Өзгелердің жаңалығы