Бас жаңалықтар
«Риддер-Астана» пойызы қайта Шар станциясы арқылы жүруі мүмкін
23 Ақпан 2019, 13:54 471

«Риддер-Астана» пойызы қайта Шар станциясы арқылы жүруі мүмкін

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы уақытта «Риддер-Астана» бағытындағы пойыз бұрынғыдай Шар станциясы арқылы қатынауы мүмкін. Бұл жөнінде тұрғындар алдында есеп берген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мәлімдеді.

Естеріңізге салсақ, «Риддер-Астана-Нұрлы жол» бағытындағы пойыз қазіргі уақытта Ресейдің «Локоть» станциясы арқылы жүруде. Біраз бұрын ол Шар станциясы арқылы қатынап, жолаушының жолын біршама қысқартып, уақытын үнемдейтін. Облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есептік кездесуі барысында видеоөтініш жолдаған облыстық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Елена Березинская-Абилова өңір басшысынан аталған бағытты бұрынғы қалпына келтіруді сұрады.

«Бұл бағыттағы пойыздың Ресей арқылы қатынауы жолаушылар үшін ыңғайсыздық тудырып жүргенін білемін. Ол жолға кететін уақытты төрт сағатқа дейін ұзартып жіберді. Өскемен-Шар теміржолының қалай салынғаны да есімде. Тасымалдаушымен келіссөз жүргізіп, бір келісімге келеміз деген сенімдемін. Сондықтан бұл мәселені шешілді деп есептей берулеріңізге болады», - деді облыс әкімі.

Қоса кетсек, акционерлер мен зейнетақы қорларының қаржысына салынған 200 шақырымдық теміржол облыс ішіндегі жүк және жолаушы тасымалын бірқатар жеңілдеткен болатын. Осыған дейін Өскемен қаласынан Семей одан әрі Астанаға, я болмаса Алматыға тартқан жолаушы Ресей арқылы айналма жолға бірнеше сағатын жоғалтатын. 

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

 

Сізден жаңалық