Республикалық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды

5 Қараша 2021, 22:20
2237
Бөлісу:
Республикалық жас ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті мен Гуманитарлық факультеттің қазақ және орыс тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Сәкен Сейфуллиннің 127 жылдығына арналған «Ұлы дала үні» атты ІІІ республикалық жас ақындар жыр мүшәйрасы ұйымдастырылып жеңімпаздар анықталды.

Мүшәйраның мақсаты – жастар бойындағы тілге, шешендік өнерге деген шығармашылық талаптарын шыңдау, қабілеттерін баптап, өнер додасына қосу және сол арқылы жаңаша көзқарасты, білімді, білікті, кез келген мәселені ой елегінен өткізе алатын ойлы, жан-жақты пайым жасай алатын бәсекеге қабілетті,өзара татулық пен ізгілік қасиеттерді бойларына жинақтаған дарынды жастарды айқындау болды. Мүшәйраны өткізу арқылы жастарға дұрыс бағдар беру, рухани бай болуға дәріптеу.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті республика бойынша студенттер арасында қатарынан үшінші рет өткізіліп отырған жас ақындар жыр мүшәйрасын жыл сайын өткізу дәстүрге айналып отыр. Аталған шара «С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ» КеАҚ Басқарма төрағасының жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер жөніндег іорынбасары, филология ғылымдарының докторы Ж.А. Құсайынованың құттықтау сөзімен ашылды. Гуманитарлық факультеттің деканы, филология ғылымдарының кандидаты Б.Қ. Аяпбергенов жас таланттарға сәттілік тіледі.

Мүшәйраға еліміздің түкпір-түкпірінен жолданған, нақтырақ айтқанда, Атырау, Маңғыстау, Ақтау, Ақтөбе, Алматы, Түркістан, Шымкент, Өскемен, Семей жане тағы басқа жерлердегі жоғары оқу орындарының дарынды, қаламын ұштап жүрген елуге жақын студенттен өтінім қабылданды. Ынта білдірген жас ақындардың өлеңдерін алдын ала құрылған сараптамалық комиссия мүшелері, атап айтқанда, «Elorda.info» сайты бас редакторының орынбасары, ақын, журналист, «Шабыт» жастар сыйлығының 2011 ж. Гран-при иегері Бейсенов Еркеғали; «Абай» телеарнасының продюсер-редакторы Төлекбай Гауhар Кенжебекқызы; «С.Сейфуллин атындағы ҚАТУ» КеАҚ Баспасөз орталығының маманы Қабай Бердібек; педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымд.профессор, қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі Тлеулесова Ардақ Шайкенқызы сараптамадан өткізіп, өз бағаларын берді.

Қырықтан астам жұмыстың ішінен оза шауып, тілімен де, мазмұнды терең ойымен де баурап алған он үш жұмысқа жүлделі орындар берілді.

Бас жүлде (100 000 (жүз мың) теңге сертификаты) иегері: Қазақ ұлттық өнер университетінің Дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің 2-курс студенті Азатбек Бергенбек.

І дәрежелі (70 000 (жетпіс мың) теңге сертификаты) дипломымен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, «Қазақ филологиясы» мамандығының 4-курс студенті Әбуов Азамат иеленді.

ІІ дәрежелі (50 000 (елу мың) теңге сертификаты) дипломдарын Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 1-курс студенті Оңғарбаева Әйгерім және Қазақ ұлттық өнер университеті, Дәстүрлі музыкалық өнер факультетінің 2-курс студенті Еркін Жантас иеленді.

Ал ІІІ дәрежелі диплом (20 000 (жиырма мың) теңге сертификаты) үш адамға берілді. Олар: С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 2-курс студенті Рамазанов Айбар; С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, «Топырақтану және агрохимия» мамандығының 3-курс студенті Мұхамейұлы Азат; Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, «Қазақ филологиясы» мамандығының 4-курс студенті Бекмұханбетов Әли.

Сондай-ақ алты қатысушы студентке ынталандыру сыйлықтары берілді. 

Өзгелердің жаңалығы