Республикалық статус алғалы бері Шымкентке 1 трлн теңге инвестиция тартылған

4 Желтоқсан 2020, 13:03
1613
Бөлісу:
Республикалық статус алғалы бері Шымкентке 1 трлн теңге инвестиция тартылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Айтенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында айтты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылғанына 2 жылдан астам уақыт өтті. Осыдан екі жыл бұрын өнеркәсіп өнімі көлемі 319 млрд теңге болса, бүгінде бұл көрсеткіш 523 млрд теңгеге жетті. Республикалық статус алғалы бері қалаға 1 трлн теңге инвестиция тартылды. 1,3 миллионнан астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Белсенді кәсіпкерлердің үлесі 71%-дан 88%-ға жетті. Қала бюджеті 131 млрд теңгеден 455,4 млрд теңгеге артты, - деді ол.

Әкім қала экономикасын қарқынды дамытып, тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау – басты міндет екенін атап өтті.

Қалада өндірістік инфрақұрылымы бар 3 аймақ жұмыс істеп тұр. Осы үш индустриалды аймақта жалпы инвестиция көлемі 229,7 млрд теңгеге 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 170 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 98,6 млрд теңгеге 5500 жұмыс орны мен 100 жоба жүзеге асырылып, осы жыдың 10 айында 66,5 млрд теңгенің өнімі шығарылды, - деді әкім.

Президент Жолдауында өңдеу өнеркәсібін алдағы 5 жылда кемінде 1,5 есеге өсіруді тапсырған болатын. Қала басшысы осы мақсатта бірнеше бастаманың қолға алынғанын жеткізді. 

Солардың бірі 306 га жерге «Жұлдыз» индустриалды аймағы іске қосылып жатыр. Бұл аймақта құрылыс, металлургия, фармацевтика, жиһаз өнеркәсібі дамитын болады. Сонымен қатар, 105 млрд теңгеге 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылып, 60 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген, - деді Айтенов.


Өзгелердің жаңалығы