Бас жаңалықтар
Республикалық конференцияға 300 баяндама келіп түскен
05 Наурыз 2021, 14:45 552

Республикалық конференцияға 300 баяндама келіп түскен

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. «Ыбырай Алтынсариннің ізімен» атты виртуалды туристік маршрут жобасы әзірленіп жатыр. Ол туристерге үш тілде ұсынылады.

Жоба туралы Қостанай облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейінің басшысы Марғұлан Оспанов онлайн форматта өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.

Виртуалды карта арқылы тарихи құндылықтарға туристердің қызығушылығын оятсақ дейміз. Туристік маршрут жобасы әзірленіп болған соң, сайтымызға салынады. Одан бөлек, 3Д виртуалды экскурсиясы арқылы музей ішін және ағартушы туған жердегі «Омар» құдығын, Ы.Алтынсарин кесенесін тамашалауға болады. Ақпараттар сайтта екі тілде берілген, - деп толықтырды Марғұлан Оспанов.

Аталмыш конференция Тәуелсіздік мерейтойына және ағартушы Ы.Алтынсариннің 180, этнограф-ғалым Ө.Жәнібековтің 90 жылдығына арналды. Іс-шара екі күнге жалғасқан іс-шараны Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі ұйымдастырған болатын.

Бізге еліміздің барлық өңірлерінен 300-ге жуық жұмыс келіп түсті. Сарапшылар тобы 200 жұмысты іріктеп алып, жинаққа кіргізді, - дейді колледж әдіскері Гүлхашима Оразова.

Пленарлық отырысқа Түркістан қаласынан Өзбекәлі Жәнібековтің немере қарындасы, білім беру ісінің үздігі Айғаным Серім, Нұр-Сұлтан қаласынан белгілі ғалым Орақ Әлиев,

Ақтөбе қаласынан экономика ғылымдарының кандидаты Ғалым Мүсіров және Арқалық қаласынан педагогика ғылымдарының магистрі Ардақ Абдуллина қатысып, ұлттық тәрбие, тұлғалар еңбегі турасында мазмұнды баяндамалар жасады.

Өзбекәлі Жәнібеков кезінде Арыстан Баб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелерінің сақталып қалуына ұйытқы болған. Ясауи кесенесін ЮНЕСКО тізіміне енгізуге күш салған. Қазақ халқының қасиетті бойтұмарларының бірі – Тайқазанның Отанымызға 54 жылдан кейін қайта оралуына да көп еңбек сіңірді. Қазақ жерінде есепке алынбаған үш жүзден астам тарихи ескерткіштерді қалпына келтіруге күш салып, көптеген мұражайлардың дүниеге келуіне ықпал етті, - деп атап өтті Айғаным Серім.


Фото: дереккөз
Загрузка...