Республикада 4 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері салынады

18 Қараша 2019, 10:17
2041
Бөлісу:
Республикада 4 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020-2025 жылдарға арналған "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасының халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндеті қалай жүзеге асырылатыны туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Үкімет отырысында баяндады. 

Қалалық елдімекендерде республикалық және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 4188 шақырым сумен жабдықтау (2420 км) және су бұру (1768 км) желілерін салуды жоспарлап отырмыз. Желілерді қайта құру үшін бюджеттен тыс қаржыландыру, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің тетіктері және халықаралық қаржы ұйымдарының кредиттері пайдаланылады. Халық саны 200 адамға жетпейтін ауылдарда сумен жабдықтау мәселесі суды тазартудың кешенді блок-модульдерін орнату арқылы, ал халық саны 200 адамнан асатын ауылдарда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйелері арқылы шешілетін болады, - деді Атамқұлов.
Ол кәріздік-тазарту қондырғыларын салу және қайта құру мәселелері шешіліп жатқанын айтты. 
86 қалалық елді мекеннің 58 елді мекенінде ғана тазарту қондырғылары бар, олардың орташа тозуы 60%-дан асты. 53 кәріздік-тазарту қондырғыларын қайта құру мен салуға халықаралық қаржы ұйымдарынан 328 млрд теңге көлемінде қаражат тарту жоспарланып отыр. Халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттің кепілдігімен 15 жылға дейінгі мерзімге кредит бөлуге дайын екендері туралы мәлімдеді. Бұл 3 жыл ішінде қалалардағы кәріздік-тазарту қондырғыларын толық жаңғыртуға және 2024 жылға қарай 100% қамтуға мүмкіндік береді, - деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Үкімет отырысында.
Сондай-ақ министр тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғырту және дамыту міндеті бойынша атқарылатын жұмыстар туралы айта кетті. Оның сөзінше Қазақстан бойынша жылумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 11511 шақырымды құрайды, олардың орташа тозуы – 60%.
3381 шақырым желі әбден тозған, сондықтан оларды қайта жаңғырту қажет. Әбден тозған желілерді ауыстыруға бюджеттік кредиттеу шеңберінде 240 млрд теңге жұмсау ұсынылады, - деді Атамқұлов.
Сондай-ақ, осыған дейін министр баспана бағдарламаларына қатысу үшін халықтың тұрмыс деңгейі қандай болуы керектігін айтты. Министр көпбалалы отбасылардың баспана мәселесіне басымдық берілетіні туралы да айтты. Елордада тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны төмендегені туралы да осыған дейін жаздық.


Өзгелердің жаңалығы