Ресейлік цирк әртістері амалсыз Петропавлда жан бағып жүр

13 Тамыз 2020, 03:22
1438
Бөлісу:
Ресейлік цирк әртістері амалсыз Петропавлда жан бағып жүр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылдың желтоқсанында Петропавлға келген ресейлік цирк әртістері карантиннің салдарынан 8 ай тұралап қалыпты. Содан олар аң-құстарын тамақтандыру үшін такси қызметі және дәнекерлеу жұмысымен айналысуға мәжбүр болған.

"Астана" телеарнасының хабарлауынша, "Сібірдің алтын циркі" деп аталатын ұжым алғашында өнер көрсетіп, кейін демалыс жариялапты. Сол кезде 20 адамның 16-сы үйлеріне қайтқан да, төртеуі аң-құстарымен қалып, гастрольді көктемде қайта жалғастыруды жоспарлаған. Бірақ, көктем келе Қазақстанда карантин жарияланып, шекараның жабылып қалғаны мәлім. Цирк қаржылық қиындықтарға тап болған соң, "екі қолға бір күрек" іздеуге мәжбүр болыпты.

Циркті асырауға бір айда шамамен жарты миллион теңгедей ақша кетеді. Цирктің жеке қорындағы ақша жарты-ақ жылға жетті. Мен мамыр айында өз көлігіммен таксиге жұмысқа орналастым, тағы бір қызметкеріміз дәнекерлеуші болып жұмысқа шықты. Әрбіреуіміздің айлығымыз 100 мың теңгеден аспайды. Бұл қаражат бізге аздық етеді. Жергілікті тұрғындар да бізге мейілінше тамақ беріп, кейде қаржылай көмек көрсетеді, - дейді цирк әртісі Иван Щербаков.

Қазір ол цирктің құрамында 4 адамнан бөлек, арыстан, аю, ит және екі тотықұс бар. Соның ішінде Ляля атты арыстанның бабын табу қиын екен. Ол күніне 10 келі ет жейтін көрінеді.

Ляля тек сиыр етін ғана жейді. Өзгесін берсең тұмсығын тыржитады. Ал аю, керісінше, ет жемейді. Оған көкөністі көп береміз. Жануарлар өзінің сахналық нөмірін ұмытып қалмау үшін ара-тұра жаттығып та тұрамыз, - дейді келесі әртіс Олег Игнатов.

Ресейде де түрлі ойын-сауық, іс-шараларды өткізуге тыйым салынғандықтан, олар елдеріне қайтуға асығар емес. Есесіне, Қазақстанның басқа өңірлерін аралап, турнелерін жалғастыру үшін біздегі карантиннің жеңілдетілуін күтіп жүр.

Өзгелердің жаңалығы