Ресейлік инвесторлар Павлодарда су өндіріп, шойын балқытуды қолға алады

11 Қазан 2019, 08:57
1764
Бөлісу:
Ресейлік инвесторлар Павлодарда су өндіріп, шойын балқытуды қолға алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Мәскеуде ресейлік кәсіпкерлермен бірнеше кездесу өткізді, деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.  

«Мәскеудегі Павлодардың инвестиция күні» бизнес-форумының шеңберінде Павлодар облысының әкімі әріптестікке мүдделі кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде қаралған жобалардың бірі – «ЛМК – шойын мен болат зауыты» ААҚ бас директоры Дмитрий Скворцов ұсынған шойын балқыту өндірісі. Шойын құймаларын өндірумен айналысатын компания Павлодарда зауыт салуды көздеп отыр. Сонымен қатар, компания өкілдері павлодарлық ЖОО-мен балқыту өндірісіне қажетті кадрларды даярлау жөніндегі әріптестік мәселелерін көтерді.

«Роснефтехим» компаниясының өкілдері де бізбен әріптес болуға дайын. Кәсіпорын суды тұздан тазартудың жаңа технологиясын ұсынып отыр. «Роснефтехим» өкілдері павлодарлық «Павлодар-Сода» ЖШС-мен әріптестік орнатуға мүдделі», - деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арыстан Қабыкенов.

Павлодар облысындағы инвестициялық жағдай туралы ресейлік кәсіпкерлерге Павлодарда жұмыс істеп жатқан жерлестері  айтып берді. Forwoll Group директорлар кеңесінің басшысы Виктор Литуев компания басшылығы Павлодарды инвестициялық даму жағынан әлеуетті өңір деп танығанын айтты. Арнайы экономикалық аумақта қоспалы алюминий өндірісін іске қосқан соң керамикалық бұйымдар өндірісін де іске қосу жоспарланып отыр.

«Облыс басшылығымен өңірде алюминий кластерін дамытуға кіріскеннен кейін Павлодарда жұмыс істеу ыңғайлы болды. Әрине, қиындықтар туындап тұрады. Облыс әкімі кез келген жағдайда көмегін аяған емес», - деді ол.

Құрылтайшыларының бірі ресейлік «Гранула-СпецЦемент» компаниясы болып табылатын «KazCenosphere» кәсіпорны өз жобасын осы жылдың мамыр айында ғана жүзеге асыруға кіріссе де, Павлодардағы әкімшілік кадрлардың біліктілігін сезіп үлгерді. Ресейлік инвесторлар жыл соңына дейін күлден алюмисиликат микросферасын өндіру жобасын іске қосуды ойластырып отыр.    

«Жер учаскесін ұзақ мерзімге тегін берудің өзі біздің инвестициялық шығындарымызды азайтып, жобалық өтелу мерзімін азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Павлодар әкімшілігімен келісімге келіп, инженерлік барлау жұмыстарын жүргіздік. Осы сипатталған факторлар біздің жобаның жүзеге асырылуына тиімді әсер етіп, өңірде ары қарай жұмыс істеуімізге оң септігін тигізеді деп ойлаймын», - деді «Гранула-СпецЦемент» компаниясының экономика бойынша директоры Владислав Васьков.

Бизнес-форум шеңберінде Павлодар облысының әкімдігі ресейлік ірі компаниялармен бірнеше шарт жасасты. Олардың қатарында жоғарыда аталған  «Роснефтехим» ЖАҚ мен «ЛМК – шойын мен болат зауыты» ААҚ-нан бөлек «Спектопласт» және «Компания Рона» ААҚ-ы да бар.

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы