Ресейдің Лодейное Поле қаласында қазақ жауынгерлеріне ескерткіш орнатылды

9 Мамыр 2021, 11:15
1095
Бөлісу:
Ресейдің Лодейное Поле қаласында қазақ жауынгерлеріне ескерткіш орнатылды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ресейдің Ленинград облысындағы Лодейное поле қаласында 314-ші атқыштар дивизиясының жауынгерлеріне ескерткіш орнатылды.

Қазақ жауынгерлеріне арналған еңселі ескерткіш «Батырлар жолымен» халықаралық патриоттық акциясы шеңберінде бой көтерді. 

Павлодарда жасақталған «Майдан жолы» іздестіру отряды бұл іске атсалысты. Жасақ командирі Александр Шитовтың хабарлауынша, 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің ерлігін қадір тұту – келер ұрпақтың міндеті. 

Дивизия жауынгерлері 1941 жылдың 25 қыркүйегінде алғашқы ұрысқа осы Лодей даласында қатысты. Қазақ сарбаздары Свир даласын 1944 жылға дейін қорғап, жауға дес бермеді. Бүгінде осындай ескерткіштер Кингисепп пен Синяв биіктігінде бар. «Майдан жолы» жасағының мүшелері майдан даласында қаза тапқан солдаттардың жатқан жерлерін тауып, туыстарына хабарлауды көздейді. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін Ленинград облысының іздестіру отрядтарымен берік байланыс орнаттық, - дейді Александр Шитов. 

Қазба жұмыстары барысында «Переправа» жасағының өкілдері ондаған солдаттың сүйегін көтерді. Олардың ішінде болған екі жауынгердің есімдері анықталып, жеке заттары табылды. Бүгінде жәдігерлер Лодейнополь тарихи-өлкетану музейіне табысталды. 

Еске салсақ, 314-ші атқыштар дивизиясы Петропавл қаласында құрылды. Ірі жасақтың құрамында Солтүстік Қазақстан әскерилерінен бөлек Қостанай, Ақмола, Павлодар, Көкшетау өңірлерінің еңбеккерлері болды. Оның қатарында тоғыз мыңға жуық солдат болды. Дивизия сапындағы бес мыңнан астам азамат марапаттарға ие болды. 

Ескерткіш дивизияның 80 жылдық құрметіне ашылды.


Өзгелердің жаңалығы