Ресейде коронавирусқа қарсы екінші вакцина тіркелді

14 Қазан 2020, 23:23
1671
Бөлісу:
Ресейде коронавирусқа қарсы екінші вакцина тіркелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Бұл жөнінде 14 қазанда үкімет мүшелерімен болған жиында Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеді.

Жиынды басқа бір жағымды ақпараттан бастағым келіп тұр. Новосібірдегі "Вектор" орталығы бүгін Ресейдің коронавирусқа қарсы "ЭпиВакКорона" деп аталатын екінші вакцинасын тіркеді - деді ол.

Оның айтуынша, Ресей ғылым академиясына қарасты иммунобиологиялық дәрі-дәрмекті зерттеу және әзірлеу федералдық ғылыми орталығы дайындап жатқан үшінші вакцина да тіркелер күн жақын.

Вице-премьер Татьяна Голикова "Вектор" орталығының тіркеу куәлігін алғанын хабарлады. Оның айтуынша, вакцинаның клиникалық сынағына 100 ерікті қатысқан.

Векторлық, яғни аденовирус негізінде әзірленген ресейлік алғашқы вакцина Sputnik V-дан айырмасы, жаңа вакцина болашағы зор синтетикалық платформалардың бірінде дайындалды, ол пептидтік вакцина саналады, яғни вирустық белок – пептидтің жасанды жолмен синтезделген қысқа фрагменттерінен тұрады. Иммундық жүйе сол арқылы үйреніп, вирусты танып, оны бейтараптандыруға дағдыланады. Вакцина реактогенді емес әрі қауіпсіздік деңгейі өте жоғары - деді ол.

Ресей әзірлеген коронавирусқа қарсы "тұңғыш вакцина" - Sputnik V-нің де тіркелгенін алғаш болып Путин айтқан. Ресей президентінің сөзіне сенсек, вакцинаны сынап көрген еріктілердің арасында оның қызы да болған.

"Вектор" институтының вакцинасы туралы айтқан ол бұл екпені "керемет препарат" деп сипаттады және Ресейдегі вакциналар бірінен бірі өткен, сондықтан олар қауіпсіздігі мен тиімділігі бойынша өзара бәсекеге түсе алады - деді Владимир Путин. 

Өзгелердің жаңалығы