Қазақстан-Ресей шекарасында қалған қырғыздардың мәселесі қаралып жатыр

25 Маусым 2020, 00:04
1594
Бөлісу:
Қазақстан-Ресей шекарасында қалған қырғыздардың мәселесі қаралып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан мен Ресей қазақ-орыс шекарасында қалған қырғыз азаматтарын еліне қайтару мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Қырғызстанның сыртқы істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, министрліктің баспасөз қызметі коронавирус індетіне байланысты шекаралар жабық екенін ескертіп, Ресейдегі қырғыздарды жолға шықпауға шақырған.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, Ресейдің Самара облысындағы қазақ-орыс шекарасында бірнеше аптадан бері 70 шақты қырғыз азаматы шекарадан өте алмай, далада түнеп жатыр. Олар Мәскеуден автобус жалдап, жолға шығып, шекарадан өте алмай қалған.

Азаттық тілшісі әзірге Қазақстан сыртқы істер министрлігінен жауап ала алмады.

Ресми мәлімет бойынша, пандемия басталған ақпан айынан бері сыртта жүрген 15 мың қырғыз азаматы еліне жеткізілген. Олардың басым бөлігі Ресейде тұрған. Бұған дейін орыс-қазақ шекарасындағы өте алмай қалған қырғызстандықтар екі рет автобуспенен Қазақстан арқылы Бішкекке өткен.

Өзгелердің жаңалығы