Референдум. Жастар не дейді?

1 Мамыр 2022, 11:48
4027
Бөлісу:
Референдум. Жастар не дейді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ата заңымызға өзгеріс енгізу үшін Мемлекет басшысы референдум өтетінін хабарлағаны белгілі. Халықтың пікірімен санасуды діттеген жалпыхалықтық референдумға қатысты ел жастары не дейді?

Белсенді жастардың бірі Рахат Арғынбай жиында ҚР Конституциясының үштен біріне өзгерістер енгізілуі бек мүмкіндігін алға тартты.

Референдум. Жастар не дейді?

Бүкілхалықтық референдум...Бір қарағанда құлақ пен тілге ауыр, миға майдай жағатын тіркес. Себебі «халықтың пікірі» негізгі орынға алынады мұнда. Енді тарқатып айтайық: Референдум негізінен демократия механизмі және азаматтардың пікірі сұралатын жүйе. «Жаңа Қазақстан» идеясын Президент соңғы жиналыстарда тілге тиек етіп жүр. Ал бүгін Мемлекет басшысының төрағалығымен ҚХА XXXI сессиясы өтті. Сессияның сәнін келтірген де өзектісі осы, жалпыхалықтық референдум сөзі болды. Жиында айтылуы бойынша Конституцияның 3/1-не өзгерістер енгізілуі бек мүмкін. Онымен қоса енді заңға өзгерісті немесе жаңа заңды Парламент бекіте салмайды, халықпен санасады, референдум қорытындысын дөп басып өзі айтады. Біз Жаңа Қазақстанға осылай жетеміз. Бүгінгі жиынның әрбір шешімі маңызды! – деді Рахат Арғынбай.

Ал Нұрбол Ханағат Мемлекет басшысы бұл өзгерістер елдің ертеңіне, болашағына ерекше әсер ететін себепті халық өзі дауысқа салуы қажет деп тапқандығы құптарлық дүние деп отыр.

Референдум. Жастар не дейді?

Президент Ассамблея жиынында Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін ел бойынша референдум өткізу қажет деді.

Алдында бұндай өзгерістер мен толықтыруларды Парламент қарайды деген болатын. Шыны керек жұрт бұған басқаша қарайтыны анық. Осы референдум арқылы көптеген көкейкесті мәселені шешуге болатын шығар?! Айтпақшы, бүгінгі «Ұлттық құрылтай жиыны» ұсынысы ерекше ұнады. Алдағы уақытта осы жиын ассамблеямен жұмыс істеуі қажет деді. Ұлттық құрылтай құрылымы нық, бағыты зор болса көп ұлтты дейтін көп түйіннің түбін бойлайтын шығар. Біздің аудандағы кәсіпкер Закиржан Кузиев ассамблея атынан мәжіліс депутаты болып сайланды. Бұл да бір жақсылық дейік, - деді Нұрбол Ханағат.

Референдум. Жастар не дейді?

Бауыржан Ерман болса, үшінші референдумды "үмітке толы" деп атады.

Ата заңға түзетулер мен өзгерістер енгізу бойынша жалпыхалықтық референдум өтпек. Бұл ұсынысты Мемлекет басшысы жасады. Бұл ұсынысымен Президент елімізде биліктің ғана емес, халықтың да ықпалы мол екенін аңғартып тұрған сияқты. Оны: «Біз Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз, бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!» деген сөзінен де анық байқауға болады. Естеріңізде болса, мұндай жалпыхалықтық референдум елімізді екі рет 1995 жылы өткен. Біреуінде тұрғындар президенттің өкілеттілігін ұзартса, екіншісінде жаңа Конституцияны қолдаған болатын. Бұл референдумнан да күтеріміз көп, - дейді Бауыржан Ерман.

Референдум. Жастар не дейді?

Әлеуметтанушы Нұрсұлтан Қаражан алдағы уақытта оң өзгерістер болатынына сенімді.

Конституцияның 3 бабына сәйкес, биліктің жалғыз көзі - халық. Демек, халық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер енгізе алады әрі халық кімге сенетінін, мемлекеттік билікті кімге тапсыратынын өзі шешеді. Мемлекет басшысы референдум маңызды демократиялық институт екенін ескеріп, Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынып отыр. Алдағы уақытта біраз жақсы, оң өзгерістер болатын шығар деп үміттенемін. Орнықты дамудың ең басты кепілі – тұрақтылық. Бізде әралуан көзқарас болса да, бірлігіміз бекем болса екен деп тілеймін, - деді ол.

Референдум. Жастар не дейді?

Qazaq газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы мемлекет тағдырын жекелеген азаматтар емес, халықтың өзі шешуі керектігін алға тартты.

Қазақстан Республикасының Конституциясында тайға таңба басқандай етіп анық жазылғандай, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық болса, референдум – халықтың сол билікті нақты жүзеге асыруының басты жолы. Міне, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа осы жолды ұсынып отыр. Сөзсіз, Президенттің бұл ұсынысын халық та қос қолдап қолдайды. Өйткені, мемлекет тағдырын жекелеген азаматтар емес, тұтас халықтың өзі шешуі керек. Түптеп келгенде, «референдумды демократияның маңызды институты» десек, онсыз Жаңа Қазақстанды құру мүмкін болмайды. Ал, Президенттің осындай күрделі мәселеде соңғы сөзді халықтың өзіне қалдыруы елдегі үлкен өзгерістердің бастауы болса керек. Сонда ғана Президент бүгін айтқандай, «біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз, әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз».

Өзгелердің жаңалығы