Референдум. Елбасы «Тұңғыш Президент туралы» заңға дауыс бере ала ма?

5 Мамыр 2022, 11:18
2230
Бөлісу:
Референдум. Елбасы «Тұңғыш Президент туралы» заңға дауыс бере ала ма?
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатта өткен брифингте депутат Ләззәт Сүлеймен Конституциядан Елбасының құзыретін алып тастауға қатысты пікір білдірді.

Барлық азаматтың, оның ішінде басшылық қызметте болған азаматтардың Конституцияның алдында тең құқықта болғанын қолдаймын, - деді сенатор.

Сонымен қатар журналистер «Елбасы Республикалық референдумға келіп, «Тұңғыш Президент туралы» заңға дауыс бере ала ма?» деп сұрады.

Конституцияға енгізілетін өзгерістерге дауыс бере алады. Ол жерде «Тұңғыш Президентке қатысты» өзгерістер жоқ. Сондықтан ұсынылған, Президент бекіткен, халық талқылаған Конституциялық реформаға байланысты сұрақтарды қолдауға не қолдамауға әрбір азаматтың, кез келген қазақстандықтың құқығы бар. Халықтың әрқайсысы Конституцияға қандай өзгерістер енгізіледі, оның себеп-салдары қандай болады, ол оның өміріне, келешектегі мемлекеттік даму үрдісіне қалай әсер ететінін әр азамат біліп, түсінуі керек, - деп толықтырды Ләззәт Сүлеймен.

Сөзінше, бұл Президенттің «Жаңа Қазақстан» концепциясына сәйкес келеді.

Одан бөлек, журналистер «Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан тарихында тарихи тұлға ретінде қала ма?»  деп сұрады.

Бірінші Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи тұлға ретінде, оның атқарған қызметі Конституцияда бекітілуі міндетті емес деген шешім қабылданды. Бірақ ол кісінің орнын, қызметін әр азамат еңбегіне қарай бағалайды, - деп жауап берді сенатор Ләззәт Сүлеймен Сенатта.

Өзгелердің жаңалығы