Қазақ спортының қара нары күрес спортының дамуына өлшеусіз үлес қосты – Райымқұлова

2 Тамыз 2020, 17:46
2412
Бөлісу:
Қазақ спортының қара нары күрес спортының дамуына өлшеусіз үлес қосты – Райымқұлова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Жақсылық Үшкемпіровтың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.

Жақсылық Үшкемпіровтің отбасы мен туған-туыстарына Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан даңқты балуан, Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Мəскеу Олимпиадасының чемпионы, Еуропа біріншілігінің күміс жүлдегері, Әлем чемпионы, Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын, - деп жазды Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. 

Райымқұлова оның спорттағы жетістіктерін атап өтіп, чемпионның күрестің дамуына көп үлес қосқанын айтты.

Жақсылық Үшкемпіров саналы ғұмырында мағыналы тірлік кешкен, бозкілкем төріндегі шеберлігімен халықтың қошеметіне бөленген білекті де жүректі балуан, болмысы бөлек азамат еді. Жақсылық ағамыз сонау Мəскеуде өткен олимпия ойындарында қарсылас шыдатпай, қазақ күрес мектебінің мерейін асырғаны əлі ел есінде. Қазақ спортының қара нары ұзақ жыл бапкерлік жолында көптеген шəкірт тəрбиелеп, күрес спортының дамуына өлшеусіз үлес қосты, - деді ол. 

Министр атағандай, өнегелі өмір иесінің асыл бейнесі мен ерен еңбегі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады.

Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, алды пейіш, арты кеніш болсын. Ұрпағымен мың жасасын, - деді ол.
Еске салсақ, бүгін Әлем чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің қайтыс болғаны хабарланды. Бүгін кешкі сағат 20:00-де Qazaqstan ұлттық телеарнасынан Қазақстанның Еңбек Ері, грек-рим күресінің палуаны, Әлем чемпионы, Олимпиада чемпионы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірі туралы баяндайтын "Жақсылық" көркем фильмі көрсетіледі.
Өзгелердің жаңалығы