Бас жаңалықтар
Райымқұлова белгілі ақынға Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады
22 Қыркүйек 2020, 17:46 186

Райымқұлова белгілі ақынға Тоқаевтың құттықтау хатын табыстады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлын 70 жасқа толуымен құттықтады. 

Президенттің құттықтау хатын мерейтой иесіне Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова табыстады.

Сіз поэзия əлемінде өзіндік орны бар, егемен еліміздің жарқын жетістіктерін жыр жолдарымен өрнектеген, талғамы биік оқырманның жоғары бағасын алған ақын, сара сөздің шебері ретінде құрметке бөленіп отырсыз. Қазіргідей сын сағатта халқымызды сабырлы, ынтымақты болуға шақырып, азаматтық үн қосқан пайымды ой-пікірлеріңіз жұртшылықтың көңілінен шығуда. Қазақ əдебиетінің дамуына қосқан елеулі үлесіңіз үшін Сізге алғысымды білдіріп, мерейтойыңызбен құттықтаймын! Өзіңізге зор денсаулық, шығармашылық табыс жəне əулетіңізге құт-береке тілеймін, – делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова Несіпбек Айтұлын министрлік атынан да құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіз төл əдебиетіміз бен мəдениетімізді байытуға өлшеусіз үлес қосып келе жатқан адуынды ақын, қажырлы қайраткерсіз. Ұзақ жыл асыл сөзбен қазақ руханиятына қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан мерзімді басылымдарда лауазымды қызмет атқарып, қалың оқырманның көкжиегін кеңейтетін мазмұнды материалдардың жарық көруіне сүбелі үлес қостыңыз. «Жүректегі жаңғырықтар», «Әке туралы сыр», «Жаңбыр әні», «Түнделеп ұшқан тырналар», «Рухымның падишасы», «Мұқағали-Желтоқсан» жəне тағы басқа көркем сөзбен көмкерілген мағыналы кітаптарыңызбен поэзияда тың құбылыс қалыптастырдыңыз. Əлем жазушыларының таңдаулы шығармаларын ана тілімізде сөйлетіп, талғампаз оқырманның ыстық ықыласына бөленіп келесіз. Алдағы уақытта да еселі еңбегіңіз берекелі болып, толайым шығармашылық жетістіктерге қол жеткізе беруіңізге тілектеспін. Осынау ерекше сəтті пайдалана отырып, Сізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, қажымас қайрат, шығармашылық шабыт, қызметте табыс, отбасыңызға амандық пен ортаймас несібе-дəулет тілеймін!, – делінген министрдің құттықтау хатында.

Өз кезегінде Несіпбек Айтұлы Мемлекет басшысына алғысын айтып, сындарлы кезеңді біртұтас халық болып бірге еңсеретінімізге сенім білдірді.

Айта кетейік, Несіпбек Айтұлы белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты (2012), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (2011), «Парасат» орденінің иегері (2004).


Фото: дереккөз
Загрузка...