Бас жаңалықтар
Райымқұлова елдегі туризмді қалай дамытатынын айтты
14 Мамыр 2021, 11:48 1068

Райымқұлова елдегі туризмді қалай дамытатынын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халық алдында есеп беру кездесуі кезінде айтты.

Министрліктің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында туризм саласында республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам іс-шара өтеді. Туризмді дамыту бойынша жан-жақты жұмыс жалғасып жатыр.

Бүгінгі күні туристік нарықтың қызметін ынталандыру бойынша заңнамалық актілер қабылданып, ішкі туризммен танысу үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Сонымен қатар көрсетілетін қызметтер желісі көбейтілді. Инфрақұрылымды дамыту мен инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін барлық жағдай жасалып келеді, - деп атап өтті министр.

Қазіргі таңда мәдениет, әдет-ғұрып пен дәстүрлерді насихаттауға бағытталған этнотуризм ерекше өзекті.

Осы бағытта маусым-қыркүйек айларында Алматы қаласының туристік жерлерінде қолөнершілердің қатысуымен «Ұлы дала мұрасы» жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ұлттық тағамдар мен Қазақстан халықтарының тағамдарын танымал ету мақсатында «Kok bazar fest» өтеді. Сонымен қатар Ақтөбе облысында «Көшпенділер» мұрасы, ШҚО-да «Buqtyrma fest» атты фестивальдар жоспарда бар, - деді ол.

Райымқұлова алдағы жоспарлары туралы айта кетті. Сөзінше, киелі туризмді ынталандыру және тарихи-мәдени объектілерге туристік қызығушылықты арттыру мақсатында маусымның соңында Қарағанды облысының Ұлытау ауданында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін ашу және ШҚО-да «Абай жолымен» атты ақпараттық турын өткізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар ішкі туризмді дамыту үшін шілдеде Павлодар облысында «Туризм Pvl-2021» көрмесі ұйымдастырылады.


Фото: дереккөз
Загрузка...