Райымқұлова: 9 мамыр - əлем халқының зұлымдық алдында бекем бірлігін танытқан күн

9 Мамыр 2021, 14:09
1482
Бөлісу:
Райымқұлова: 9 мамыр - əлем халқының зұлымдық алдында бекем бірлігін танытқан күн

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады.

Құрметті отандастар! Ардақты ағайын! Сіздерді Ұлы Жеңістің 76 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! 9 мамыр - адамзат тарихындағы сұрапыл соғыс аяқталған, əлем халқының зұлымдық алдында бекем бірлігін танытқан күн. Бұл - жарты əлемді жалмаған фашизмді тізе бүктіру үшін жанын пида еткен ата-əкелеріміздің өшпес ерлігін, тыл жұмысын жұмыла атқарған еңкейген қариядан еңбектеген баланың ортақ жеңіске қосқан өлшеусіз үлесін ұлықтайтын қастерлі мереке, - деді министр. 

 

Жыл өткен сайын етігімен су кешіп, мұздай қаруланған жаудың қалың қолынан қаймықпаған майдангерлердің қатары сиреп бара жатқанымен, жеңістің мəн-мазмұны, олардың жүрегімізге жаққан үміт, ізгілік жалыны еселеп арта береді.

 

Жаһан жұрты қол жеткізген жеңіске əрбір бесінші адамын қан майданға аттандырып, барын берген Қазақстанның қосқан үлесі зор. Қасиетті қазақ жерінің қорғаны болған ерлер, қырмызы қызғалдағына айналған арулар ерен ерліктің жарқын үлгісін көрсетті. Олардың мехнатты жорығы əр шаңырақтағы келер күнге деген сенім отын маздатты. Қазақстандықтардың Мәскеу мен Ленинградты қорғаудағы, Сталинград пен Курск шайқасындағы, Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккендегі жанқиярлығы майдан даласында аңызға айналды, бүгінде нағыз батылдықтың жарқын көрінісіне баланады, - деп министр Facebook-те жазды. 

 

Уақыт керуені қаншалықты алға жылжыса да қайсар қолбасшы - Бауыржан Момышұлы, шебер ұшқыш - Талғат Бигелдинов пен Хиуаз Доспанова, Шығыстың қос шынары - Əлия Молдағұлова мен Мəншүк Мəметова, жүректі де білекті - Сағадат Нұрмағамбетов, Рақымжан Қошқарбаев жəне соғыстан оралмаған көптеген батырдың есімі ел есінде мəңгі қалады.

 

 

Қадірлі ардагерлер! Құрметті отандастар! Сіздердің екінші дүниежүзілік соғыстағы ерліктеріңіз қазіргі ұрпақты бақытты да берекелі өмірдің маңызын жете ұғынып, татулық пен қоғам келісімін дəріптеуге, бостандық пен бейбітшілікті қастерлеуге септеседі. Біз Сіздерді құрметтеп, тылдағы қажырлы еңбектеріңіз бен майдандағы өрліктеріңізге тағзым етеміз.

Осынау орайлы сəтті пайдалана отырып, Сіздерге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, баянды бақыт, қажымас қайрат тілеймін! Лайым аспанымыз ашық болсын! – деп Райымқұлова өз сөзін түйіндеді.

 

 

Өзгелердің жаңалығы