Рәбиға Сыздық идеология қатаң кезде ғылыммен айналысқан – Ерден Қажыбек

5 Желтоқсан 2019, 13:36
3765
Бөлісу:
Рәбиға Сыздық идеология қатаң кезде ғылыммен айналысқан – Ерден Қажыбек
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Рәбиға Сыздық 1970-1980 жылдары идеология әлі қатаң, яғни түркітану, тіл тарихымен шұғылдануға болмайтын кезде Байтұрсыновтанудың, Абайтанудың негізін қалады.

Бұл туралы А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек академиктің көптомдық еңбегінің тұсаукесерінде айтты.

Оның айтуынша, Рәбиға Сыздық кеңестік қатаң идеологияға қарамастан, ғылымның ауыр салаларымен айналысып, еңбектер жазған.

Рәбиға апай 1970-1980 жылдары идеология әлі қатаң, яғни түркология, тіл тарихымен шұғылдануға болмайтын кезде Байтұрсыновтанудың, Абайтанудың негізін қалады. Үлкен Абайтану сөздігін шығарды. Қожа Ахмет Ясауи жөнінде де іргелі еңбектер жазып, Ясауитанудың негізін сонау 1980 жылдары қалады. Ол кезде дінге тыйым салынған тұс болатын, - дейді ол.

Сонымен қатар, ол академик Жалайританудың негізін қалап кеткенін жеткізді.

"Қазақ халқы революциядан кейін ғана адам болды" деген заманда Рәбиға апай орта ғасырдың белді тұлғаларының бірі Қадырғали Жалайриді зерттеп, оның қазақ тарихына тікелей қатысы бар екенін дәлелдеп, сол Жалайританудың негізін қалап кетті. Яғни қиын ғылыми салаларда ғылыми-теориялық ірі кітаптарды жазып қалдырды, - дейді Ерден Қажыбек. 

Сөз арасында ол академик Рәбиға Сыздықтың 14 томнан тұратын еңбегін жинақ етіп шығару жұмысы бірнеше жыл бұрын басталғанын айтты.

Басқа да еңбектері шетінен қосыла береді, әрі ғалымның қолжазбалары, әр кезде жазған еңбектері көп. Дегенмен, еңбектерінің басым көпшілігі осы таңдамалы жинаққа еніп отыр. Рәбиға апайымыз қазір үлкен арыстарымыздың "көзі" болып есептеледі. Оны ана тіліміздің "анасы" деп айтамыз, - дейді ол.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда академик Рәбиға Сыздықтың көптомдық шығармаларының тұсаукесері өткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы