Бас жаңалықтар
Әр қазақстандық жыл сайын қоқысқа 42 кг пластик тастайды
09 Қазан 2020, 13:19 124

Әр қазақстандық жыл сайын қоқысқа 42 кг пластик тастайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әр қазақстандық жыл сайын 42 кг пластик қалдықтарын қоқысқа тастайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Қазақстанда өңірлердің пластикпен ластануы бойынша зерттеу жобасын іске қосу» тақырыбындағы онлайн брифингте «Jasyl Arystan» жеке қорының басқарма төрағасы Гүлнар Ережепова айтты.

Оның айтуынша, жыл сайын елімізде 5 миллион тоннаға дейін қоқыс тасталады. Оның 10-15 пайызын пластик қалдықтары құрайды. Бұл әр қазақстандыққа орташа алғанда 42 кг пластиктен келеді. 

Экология министрлігінің ресми мәліметі осындай. Ал іс жүзінде жағдай бұдан күрделірек. Әлемде жыл сайын 400 млн тоннаға дейін пластик өндірілсе, оның тек 10 пайызы ғана қайта өңделеді. Оның 12 пайызы өртеледі. Ал қалғаны қоқысқа кетеді. Пластик қалдықтарының 500 жыл бойы шірімейтінін ескерсек, одан табиғат пен қоршаға келер зиянын бағамдай беріңіз. Бұл тек Қазақстанның ғана емес, әлемнің проблемасы болып отыр, - деді ол.

Оның айтуынша, мұны биліктің бас ауруы болмауы тиіс, пластик қалдықтармен күреске барлық қазақстандық бір кісідей жұмылып ат салысулары қажет. Брифинг барысында ол  «Jasyl Arystan» жеке қорының мақсатын түсіндіріп, оның ағартушылық және инфрақұрылымдық бағыттардан тұратынын тілге тиек етті.Сондай-ақ, алдағы жоспарларымен бөлісті.

Биыл әр өңірдің пластикпен ластану көрсеткішін зерттеуді қолға алмақпыз. Қор осы мәселеге қоғам назарын аударуды көздейді. Осыған орай тұрғындарды пластик қалдықтарды қоқысқа тастау мәдениетіне үндейді. Пластик қалдықтарын тиімді пайдалану мен утилизациялау, ол үшін қажетті инфрақрылым құру мәселесін назарға алып, халықаралық тәжірибені зерттеп, ұсынатын боламыз, - деп атап өтті ол.
Сондай-ақ, биыл әкімдік, экологиялық қоғамдық ұйымдар мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен Қазақстандағы пластик қалдықтарының мәселесі талқыланатын кездесу ұйымдастыру жоспарланған.
Сол жерде айтылған ұсыныстар мемлекеттік деңгейде назарға алынатын болады. Пластик қалдықтарының зияны туралы нұсқаулықтар жасап, оны барлық ақпарат және әлеуметтік желелерде тарату да бұл саладағы проблеманы шешуге көмектеседі. Бұл да біздің жоспарда бар, - деді, - Гүлнар Ережепова.

Оның пікірінше, халықтың пластик қалдықтарының зияны туралы ақпараттануы төмен деңгейде.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...