Қызылжарлықтар Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін атап өтті

1 Мамыр 2019, 19:55
2706
Бөлісу:
Қызылжарлықтар Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін атап өтті
Фото: автордан

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тұрып жатқан Қызылжар өңірі Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін атап өтті. Орталық алаңға жиналған жұртшылық түрлі ұлт өкілдерінің ойынын ойнап, мәдениеті және тарихымен танысуға мүмкіндік алды.

Петропавлдағы мерекелік шаралар тізбегі «Болашағымыз бірлікте» атты концерттік бағдарламамен басталды. Жұртшылықты құттықтаған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов көпұлтты еліміздегі бейбітшілік пен тұрақтылық басты байлықтарымыздың бірі екенін тілге тиек етті.

Қызылжарлықтар Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін атап өтті

«Бүгінгі мекекенің біздің мемлекетіміз үшін маңызы зор. Осыдан бірер күн бұрын ғана Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясы өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттар бірлігі алтынға бергісіз құндылық екендігін айтып өтті. Біз онымен мақтанамыз. Бүкіл әлемге бірлігімізді паш етіп отырмыз. Қазақстан – құтты мекен. Әркім өз бизнесін, мәдениетін, салт-дәстүрін дамытамын десе, барлық жағдай жасалып жатыр. Осы байлығымызды тек сақтап қана қоймай, одан әрі дамытуға міндеттіміз. Бұл әрбіреуіміздің парызымыз. Мереке құтты болсын! Отбасыларыңызға амандық тілеймін», - деді Құмар Іргебайұлы.

Салтанатты шарада еліміздің дамуына үлес қосып жүрген түрлі сала мамандары марапатталды. Солтүстік Қазақстан жұртшылығына WBA және IBO тұжырымдары бойынша бокстан әлемнің экс-чемпионы Жанат Жақиянов жылы лебізін арнады.

Қызылжарлықтар Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін атап өтті

«Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын. Біздің спортшыларымыз Азия чемпионатында өнер көрсетіп, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Бұдан да ірі дүбірлі додаларда Қазақстанның әнұраны ойнап, туы көкке көтеріле берсін! Елімізде бірлік пен тыныштық болсын», - деді ол.

Орталық алаңға жиналған жұртшылық ашық аспан астында пісірілген палаудан дәм татып, қазақ, татар, орыс, украин ұлттық ойындарынан сынға түсті.

Қызылжарлықтар Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесін атап өтті

«Солтүстік Қазақстан облысында жүзден астам ұлт өкілдері тұрып жатқанын мақтанышпен айтуға болады. Өз басым – қазақ халқын ерекше құрметтеймін. Тағдырдың тәлкегімен жан-жақтан келген адамдарды олар өзекке теппеді, бауырына басты. Менің аталарым да солардың қатарында. Барша қазақстандықтарды бүгінгі мерекемен құттықтар, әр отбасына береке-бірлік тілеймін», - дейді Петропавл қаласының тұрғыны Надежда Стач.

Орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, түрлі ұлттардың бұйымдары көрмеге қойылды. Әр шаңырақ қонақжайлылық танытып, келген меймандарды ән-бимен қарсы алды. «Ынтымағы жарасқан қазақ елі» атты фестиваль мерекелік шаралардың көркін аша түсті.

Өзгелердің жаңалығы