Қызылжарлық инженер "Еңбек" бағдарламасына қатысушыларға арнап үй салды

30 Маусым 2020, 16:31
2524
Бөлісу:
Қызылжарлық инженер "Еңбек" бағдарламасына қатысушыларға арнап үй салды
PHOTO

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Мамлют ауданына қарасты Бостандық ауылының тумасы "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама арқылы оңтүстіктен теріскейге қоныс аударушыларға арналған үйлер салуда. Мамандығы инженер Ерлік Мұхамеджанов онға тарта баспана тұрғызбақ.

bd427f16-2064-45ee-8da7-832e8177b3f3.jpg

Ерлік Мұхамеджанов екі үйдің құрылысын аяқтаған. Баспаналардың санын онға жеткізбек. Бұл істе оған інісі де қолғабыс етіпті.

Ауылға барған сайын тұрғындардың сиреп, үйлердің қирап жатқаны жаныма батады. Кіндік қаным тамған жерді көркейту мақсатында осы істі қол алдым. Инвестор да табыла кетті. Үйлерден басқа медициналық бөлімше салу жоспарда бар. Жаңа баспана оңтүстік өңірлер мен Нұр-Сұлтан қаласынан келген көпбалалы отбасыларға беріледі, - дейді Ерлік Серікұлы.

a059f87a-1e8e-40ab-8c49-30071bf211b1.jpg

Айнұр Болатова Түркістаннан қоныс аударыпты. Жаңа да жайлы үй берілгеніне қуанышты. Балалары жергілікті мектепте білім алады.

Солтүстіктің халқы бізді жақсы қарсы алды. Табиғатының сұлулығын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Әсіресе, ақ қайыңның жасыл жапырақтарымен көмкерілген ормандарына көз тоймайды. Отбасым үшін құтты қонысқа айналатынына сенімдімін, - дейді үш баланың анасы.

86fd2397-dd4f-4fbe-981e-f158e9daf9b3.jpg

Бостандық бір кездері ірі ауылдардың бірі болған. Жұмыс болмағандықтан, көпшілік облыс орталығын жағалай көшкен. Ауылды ұстап тұрған жалғыз діңгек – орта мектеп. Оқушы саны азая бастағанда, қалған тұрғындарды оның жабылып қалу мәселесі мазалаған. Ауылдағы ағайынның назына құлақ асқан Ерлік Мұхамеджанов аянып қалмапты. Ол "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасын тиімді пайдалана білген. Жаңа үйлер салына бастаған соң, жергілікті әкімдік те жағдай жасай бастаған. Көшеге жарық, тұрғын үйлерге ауыз су құбырларын тартылуда. Ауыл мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 

"Еңбек" бағдарламасы іске қосылғаннан бері Солтүстік Қазақстан облысына 1500-ден отбасы көшіп келген. Биыл тағы да 642 адамды қабылдау жоспарланған.

Өзгелердің жаңалығы