Қызылордалық полицейге 2 мың теңге берген көлік жүргізушісі жауапқа тартылды

17 Сәуір 2019, 19:20
2583
Бөлісу:
Қызылордалық полицейге 2 мың теңге берген көлік жүргізушісі жауапқа тартылды

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласының полицейіне екі мың теңге сыйақы берген көлік жүргізуші 505 мың теңге айыппұл салынды.

Кентаулық тұрғын жол ережесін бұзғанымен қоймай, Қызылорда қаласының жол полицейлеріне хаттама толтыртпау үшін 2 мың теңге сыйақы ұсынады. Сырбойылық сақшылар көлік жүргізушінің бұл әрекеті туралы тиісті органға хабарлайды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті полицейге сыйақы берген Кентау қаласының тұрғынына Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676-бабы бойынша хаттама толтырылып, сотқа жолданады.

«Е.К. есімді азамат алдыңғы екі қапталдағы терезелері қараңғыланған автокөлікті басқарғаны себепті тоқтатылып, жол полиция қызметкерлеріне әкімшілік хаттаманы толтырмау үшін 2000 теңге заңсыз сыйақы берген. Бүгінгі таңда, азамат Е.К-ға сот қаулысымен екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынды. Мұндай әкімшілік іс Қызылорда облысында алғаш рет қаралып отыр. Пара немесе заңсыз сыйақы алушымен қатар, оны беруші де қатаң жауапкершілікке тартылады. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар қарқынды жүргізілуде, алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді департаменттің бас маманы Мұрат Ысқақов.
Өзгелердің жаңалығы