Қызылордалық мұғалім жылыжайды табыс көзіне айналдырған

9 Мамыр 2019, 16:11
3052
Бөлісу:
Қызылордалық мұғалім жылыжайды табыс көзіне айналдырған
Фото: автордан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Нағи Ілиясов ауылының тұрғыны Нұрсұлтан Есжанов мемлекеттік қолдаудың арқасында жылыжай салып, көкөніс өсіріп отыр. 

Нұрсұлтан Мәжитұлы елді мекендегі №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепте физика-математика пәнінен сабақ береді. Осы білім ошағында қызмет қылып жатқанына 20 жылға жуықтапты. Жұмысынан босай қалса, үйінің ауласындағы бақшасын баптайды. Көкөніс егудің қыр-сырына әбден қаныққан Нұрсұлтан Есжанов сүйікті ісін кәсіп көзіне айналдыруды мақсат тұтады. 

Қызылордалық мұғалім жылыжайды табыс көзіне айналдырған

«Қысы-жасы өнім алу үшін 2 жыл бұрын жылыжай салдым. Бұл жылыжай талапқа сай болмады. Онда қыста бақша дақылын егу мүмкін емес. Тек көктем шығысымен көшет отырғызып, аз-маз жемісін жейтінбіз. Сол себепті жылыжай мәселесін шешу үшін білек сыбана кірісу керек болды. Әуелі Нағи Ілиясов ауылдық округі әкімдігі қолдау көрсетті, соның демеуімен Сырдария аудандық кәсіпкерлер палатасында 2 күн оқу курсынан өттім. «Бизнес кеңесші» жобасы бойынша кәсіп істеудің жолын үйреніп, сертификатқа қол жеткіздім. Сәл кейінірек Өңірлік инвестициялық орталықтан «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге жеңілдетілген несие алдым. Жеңілдігі сол, кәсібімді жүргізгенше 6 ай төлем жасамаймын. Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 2018 жылдың мамыр айында несие алыппын. Сөйтіп, бірден құрылысқа кірісіп, 6 айдың ішінде жылыжайды тұрғыздым. Жылыжай талапқа сай шықты. Ішіндегі температураны бірқалыпты ұстау үшін арнайы пеш алдырдым», - дейді кәсіпкер.

Нұрсұлтан Мәжитұлы өткен жылдың күзінде жаңа жылыжайға көкөніс егуді бастайды. Алдымен суыққа шыдамды, қатты ыстық қажет етпейтін шалғам, көк жуа, аскөк егіп, тәжірибе жасап көреді. 

Қызылордалық мұғалім жылыжайды табыс көзіне айналдырған

«Қарашада еккен көкөністер ақпан айында өнім берді. Енді қияр өсіруге көштім. Қиярдың бабы бөлек. Температура 20 градустан төмен болса, өспей қалады. Осы көктем басталысымен қиярдың көшеттерін отырғыздым. Минералды емес, табиғи тыңайтқыштың күшімен күтіп-баптадым. Сондықтан таза табиғи өнім өсірдім айта аламын. Яғни бір айдың ішінде еңбегімнің жемісін көрдім. Бұл қиярдың сұрыбы «Монолит» деп аталады. Көлемі ұзын немесе қысқа емес,  тұрғындардың талғамынан шығатын түрі бар», - дейді Нұрсұлтан Есжанов. 

Жылыжайдағы қияр тамшылату әдісімен суарылады. Нұрсұлтан күніне шамамен 15 келі қияр жинап алады. 

«Өз ауылымызда өсіп жатқан өнімді алғанға не жетсін?! Бағасы қалтаға жеңіл болғасын ауылдастарымыздан артылмайды. Базарда қиярдың келісі 600-700 теңге болса, Нұрсұлтан 400 теңгеден сатады. Біз де одан сатып алып жеп отырмыз. Өзі мұғалім, қосымша осындай кәсіп ашып, отбасын бағуда», - дейді ауыл тұрғыны Арысбек Байназаров. 

Нұрсұлтан Мәжитұлы жаз айларында қосымша құрылыс жүргізіп, жылыжайды күз бен қысқа дайындамақ. Қиярдан бөлек, қызанақ егуді де жоспарлап отыр. 

Өзгелердің жаңалығы