Қызылордалық көпбалалы ана киіз басып, текемет тоқиды

6 Мамыр 2019, 17:37
5262
Бөлісу:
Қызылордалық көпбалалы ана киіз басып, текемет тоқиды
PHOTO
Фото: автордан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Киіз басып, текемет тоқитын қызылордалық шебер Салтанат Қисықова мемлекеттік қолдауды пайдаланып, кәсіп ашты.

Қызылордалық көпбалалы ана киіз басып, текемет тоқиды

Көпбалалы ана Салтанат Нағашыбайқызы Қармақшы ауданының орталығынан шалғайда жатқан Қуаңдария ауылында тұрады. 7 жыл бұрын елді мекендегі Хасен Ақышбаев пен Күлайша Қаниеваның отбасына келін болып түскен шебердің он саусағынан өнер тамған. Киіз басып, алаша, текемет тоқиды. Оларға түрлі-түсті ою-өрнек сырады. Қыз жасауын да әзірлейді.

Қызылордалық көпбалалы ана киіз басып, текемет тоқиды

«Менің ойымша, кез келген әйел адам тігін тігіп, ас пісіре алуы тиіс. Ал оны ынтамен, шеберлікпен жасаса, нұр үстіне нұр. Өз басым әжем Түрмегүлдің әсерінен тігінге ықыласым ауды. 12 жастан қолымнан ине-жіп түскен емес. Құрақ құрап, көрпе тігемін. Киіз үйге қажетті бай-шу, иін бау, басқұр секілді дүниелерді жасаймын. Киіз басып, алаша-текемет тоқимын. «Осындай ісмерлігімді неге табыс көзіне айналдырмасқа?!» деген ойдың жетегінде жүріп, кәсіп ашуға талаптандым. Сөйтіп, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 240 мың теңге, Өңірлік инвестициялық орталық арқылы 1 миллион теңге жеңілдетілген несие алдым. Бұл қаражатқа тігін шеберханама керекті жабдықтар сатып алып, кәсіп бастадым. Қазіргі күні тапсырыс берушілер көбейіп келеді. Тіпті, үлгермей жататын кездер болады», - дей келе Салтанат Нағашыбайқызы келешекте кәсібін кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтты.

Қызылордалық көпбалалы ана киіз басып, текемет тоқиды

Салтанатқа жұбайы Жасұлан мен енесі Күлайша апа әрдайым демеу болып келеді.

«Ұлым мен келінімнен төрт немере сүйіп отырмыз. Тіл-көзден сақтасын, келінім өз міндетін біледі, қолынан іс те келеді», - дейді Күлайша апа.

Қуаңдариялық шебер білген-түйгенін қыз-келіншектерден жасырмайды, талабы болса, үйретуге дайын.

«Ауылды жерде қой көп. Өзіміз де бағамыз. Жүнін жинап, өңдейміз. Жаз мезгілінде көрші келіншектер бас қосып, киіз басып, оған ою сырып, өрнек саламыз. Біраз жылдан бері осы ізгі іс әдетке айналды. Бұл бізге бірнеше жылдан бері әдетке айналған. Бірлігіміз, әзіліміз жарасқан. Жалпы, қыз баланы жастайынан тігіншілікке баулу керек. Ол кейін тігіншілікті кәсіп қылмаса да, отбасына мол пайдасын тигізеді», - дейді Салтанат Қисықова.

Қызылордалық көпбалалы ана киіз басып, текемет тоқиды


Өзгелердің жаңалығы