Бас жаңалықтар
Қызылордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы Жастар қозғалысы құрылды
29 Мамыр 2019, 20:55 837

Қызылордада сыбайлас жемқорлыққа қарсы Жастар қозғалысы құрылды

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша І облыстық жастар слеті өтті. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылған слеттің өтуіне ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйытқы болды.

Департамент басшысы Абзал Мұхимовтің айтуынша, слеттің басты мақсаты – қоғамда адалдық, шыншылдық, игілік сынды құндылықтарды қалыптастыруға, қоғамдық сананы тәрбиелеуге жастарды кеңінен тарту.

«Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары адамзаттың осындай ізгі құндылықтарын дәріптеуге, насихаттауға бағытталуы тиіс. Біз, бұл бағыттағы жұмыстарға жастардың әлеуетін пайдалануымыз керек», - деді Абзал Сансызбайұлы.

Басқосуға аймақтағы барлық аудандар мен шалғай ауылдардан делегаттар қатысты. Слеттің салтанатты жиынында агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанынан «Жемқорлықты жоямыз» ұранымен «Жастар қозғалысы» жастар қанаты құрылғаны мәлім болды.

«Жастар қозғалысы» жастар қанатының мақсаты – тұрмыстық жемқорлықты жоюға атсалысу, кез-келген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне төзбеушілік қағидатын қалыптастыру. Алғашқы кезекте, белсенді жастар қатарынан спикерлер тобын құрып, ЖОО мен колледж студенттері арасында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз және жемқорлықты бірлесіп жеңу үшін замандастарымызды қатарымызға тартамыз», - дейді Nur Otan партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес.

Слет қорытындысымен сырбойылық жастар «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобасына қолдау білдіре отырып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевқа ашықхат жолдады.

Алдағы уақытта қызылордалық жастар елордамыз Нұр-Сұлтан қаласына барып, Агенттік төрағасымен кездесіп, аймақ жастарының ұсыныс-пікірлерін жеткізуді жоспарлап отыр.

Слет аясында мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар көрмесі өткізіліп, кәсіби бағдарлану бойынша мамандар кеңестер берді.Сондай-ақ, жастар мен жастар қоғамдық бірлестіктеріне мемлекеттік сатып алу бойынша тегін семинар ұйымдастырылды.


Фото: автордан
Загрузка...