Бас жаңалықтар
Қызылордада студенттер мәселесі талқыланды
30 Сәуiр 2019, 16:14 625

Қызылордада студенттер мәселесі талқыланды

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» бақылау жөніндегі облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бағытындағы үшінші бастаманың аймақта орындалу барысы талқыланды.

Соңғы екі жылда аймақта 6 колледждің оқу ғимараттары, оқу-өндірістік шеберханалары, жатақханаларын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, студенттердің игілігіне пайдалануға берілген. Биылғы жылы жергілікті бюджет қаржысы есебінен Қармақшы ауданындағы аграрлы-техникалық колледжінің жатақханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Қызылорда облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекованың айтуынша, жалпы жатақханаға қажеттілік 1375 орынды ғана құрап отыр.

«Қазіргі таңда, облыста 10772 студент білім алып отырған 3 жоғары оқу орны, 20985 студенті бар 29 колледж жұмыс істейді. Солардың ішінде 11 колледж студенттеріне барлығы 1375 орынды қамтитын және Қызылорда медициналық жоғары колледжіне қосымша 1 жатақханаға қажеттілік туындап отыр», - деді басқарма басшысы.

Басқосуда облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Ерлан Қарабалаев білім сапасын арттыру бағытында департамент тарапынан атқарылған жұмыстарды жан-жақты атап өтті. Оның айтуынша, былтырғы жылдың бірінші жарты жылдығында 4 техникалық және кәсіптік білім беру, 11 жалпы орта білім беру, 5 мектепке дейінгі білім беру ұйымына ішінара тексеру жүргізілген.

«Тексерудің қорытындысы бойынша 20 білім беру ұйымына әкімшілік іс қозғалып, әкімшілік айыппұлдар салынды. Сондай-ақ, білім беру мекемелерінің қорытынды актілеріндегі мәліметтер ұлттық білім беру деректер қорына енгізілген мәліметтермен сәйкестендірілді», - деді Ерлан Қарабалаев.




Айта кетейік, Тұңғыш Президенттің бес әлеуметтік бастамасы негізінде жылда бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант берілді. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша бакалаврлық білім беруге тиесілі. Бұл төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада зор сұранысқа ие болатын сан мың жаңа маманды даярлауға мүмкіндік беруде. Атап айтар болсақ, инженерлер, ақпараттық технология, робот техникасы, нанотехнология саласына қажетті мамандар даярланатын болады.

Мамандардың айтуынша, бұл – жастарға жасалып отырған мемлекет қамқорлығының айқын көрінісі. Сонымен бірге, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша барлық жоғары оқу орындары гранттарының құны ұлттық жоғары оқу орындарының гранттары деңгейіне дейін көтерілді. Бұл шаралар орта мектеп түлектерін жоғары біліммен неғұрлым көбірек қамтуға мүмкіндік береді. Осы бағытта аймақтағы жоғарғы және орта арнаулы оқу орындары жетекшілері де атқарылған жұмыстарды жан-жақты баяндап өтті.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемелекеттік университеті ректорының міндетін атқарушы Бақытжан Әбдукаримовтың айтуынша, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті биыл «Өнімді инновацияларды ынталандыру» жобасының жеңімпазы атанып, 98,9 миллион теңгенің грантына ие болған. Университеттің білім беру қызметін 7 факультет және оларға қарасты 30 кафедра жүргізеді. Қазіргі таңда университетте жоғары білім беру – Бакалавриатта 64 мамандық, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағытында 30 мамандық, докторантурада 9 мамандық бойынша мамандар даярланады.

«Жалпы 2018-2019 оқу жылы бойынша университеттің күндізгі бөлімінде 3345 студент білім алуда. Оның 607 гранттық негізде. Облыс әкімінің гранты бойынша 361 студент білім алуда. Облыс әкімінің гранты өңірдегі білім, экономика, мәдениет, электроэнергетика, ақпаратттық жүйелер және тағы басқа салаларын кадрлық әлеуетпен қамтамасыз ету мақсатында қажетті, сұранысқа ие мамандықтарға бөлініп отыр», - дейді Бақытжан Әбдукаримов.

Жиынды кеңес төрағасы, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжі директоры Ибадулла Құттықожаев қорытындылап, кеңес мүшелеріне 5 бастаманың әрбір бағытының орындалу барысын ұдайы бақылауда ұстап отыру қажеттігін назарға салды.

 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...

Сізден жаңалық