Қызылордада отандық тауар өндірушілер көбейіп келеді

16 Мамыр 2019, 14:27
3438
Бөлісу:
Қызылордада отандық тауар өндірушілер көбейіп келеді
PHOTO

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстанда жасалған». Сыр өңірінде де отандық өнім шығарушылардың үлес салмағы артып келеді. Нақтырақ айтсақ, соңғы 2-3 жылдықта бір Қызылорда қаласының өзінде аяқ киім, ерлер жейделерін тігетін, галстук шығаратын цехтар пайда болды. 

Қызылорда қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмахановтың айтуынша, облыс орталығында жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша биылғы жылдың қаңтар-ақпан айларының өзінде 58,5 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 2,7 есеге артық орындалды. 

«Оның ішінде, киім өндіру 5,9 есеге өскен. Ал, тоқыма бұйымдарын өндіру 25,2 миллион теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіштер өз кезегінде қаламызда жергілікті өнімнің қанат жайып, оны дамытуды қолға алған кәсіпкерлер қатарының ұлғайып келе жатқандығын аңғартады. Атап айтсақ, облыс орталығында өткен жылы "Орда" деген атаумен нарыққа енген шұлық өндіретін цех ашылды. Табиғи таза, ыңғайлы, ең маңыздысы – қызылордалық тауар. Бағасы да базар нарығынан әлдеқайда арзан. Сонымен қатар, галстук, аяқ киім шығаратын, көйлек тігетін цехтар да жұмыс істейді», - деді қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Алмасбек Есмаханов. 

Мәселен, осыдан 3 жыл бұрын Қызылорда қаласынан ерлер жейдесін тігетін "Dalatex" фабрикасы жұмысын бастаған болатын. 

Кәсіптің негізін қалаған Ділмұхамед Абызовтың айтуынша, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша несиеге қол жеткізіп, керекті құрал-жабдықтарды Түркиядан сатып алған. Ерлер көйлегінің сапасы Түркияның жоғары сұраныстағы киімдерінен кем емес. 

Бүгінде Dalatex бренді елімізге ғана емес, шетелге де біршама танылып қалды. Әсіресе, фабриканың өнімі Ресей нарығында сұранысқа ие. Көрші елдің алып-сатарлары үшін алыстан арбалағанша, жақыннан сапалы тауарды дорбалаған тиімді болып отыр. 

Фабрика 30-дан аса жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтыған. Барлығы – жергілікті жердің тұрғындары. 

Сонымен қатар, қызылордалық жас кәсіпкер Бексұлтан Бахыт 2 жыл бұрын кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаның көмегімен галстук шығаратын цехты іске қосты. Қазіргі таңда өндіріс орнында 150-200 дана галстук дайындалып, базар нарығына ұсынылып жатыр. 

«Өзім 2014 жылдан бастап сауда-саттықпен айналысамын. Сол кезден бастап шымкенттік "Алтын адам" фабрикасының костюм-шалбарларын сатып келемін. Кәсіпкерлікке бет бұрған осы жылдар аралығында отандық өнімге деген сұраныстың барына көзім жетті. Мәселен, осы брендтің костюм-шалбарын тұрақты түрде сатып алатын ер-азаматтар көп. Өзім де "Алтын адамның" өнімін тұтынамын. Осындай тауар сұранысын көзбен көріп жүргендіктен отандық өнім бағытындағы жеке кәсібімді ашу жөнінде ой келді. Сөйтіп, мемлекеттік бағдарлама арқылы алған қаржыға Оңтүстік Кореядан арнайы аппарат машинасын алдырып, істі бастап кеттік», - деді 24 жастағы кәсіпкер. 

Бүгінде Бексұлтанның шағын цехында 4 адам жұмыс істейді. Жергілікті өнімнің бағасы да қалтаға қонымды, бір галстуктың құны 1500-2500 теңгенің аралығын құрайды. Талапты жас болашақта жеке брендімен костюм-шалбар тігуді де қолға алмақ. 

Бұдан бөлек, отандық брендті қалыптастыруға күш салып жүргендердің арасында қызылордалық Батырхан Дәріқұлов та бар. Ол "Жол картасын дамыту-2020" бағдарламасының игілігін көріп, өз кәсібін өрге домалатып отыр. "Дәріқұлов" жеке кәсіпкерлігінің ерекшелігі сол – темір тор ар жағында жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтамасыз етуде. ЗК-169/5 қатаң режимдегі колониясында таза былғарыдан жасалған аяқ киімдер қолмен тігіледі.

 Қызылордада отандық тауар өндірушілер көбейіп келеді

«Көбіне балаларға арналған мектептік және спорттық аяқ-киімдерге сұраныс өте жиі түседі», - деді кәсіпкер. 

Аты жеңіл, салмағы ауыр салада кәсібін дамытып отырған Батырхан Дәріқұлов түйме шықса да өзімізден өндірілсе деген мақсат-тілегін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы