Бас жаңалықтар
Қызылордада «Қобыз үні» республикалық көрмесі өтті
15 Наурыз 2019, 10:47 947

Қызылордада «Қобыз үні» республикалық көрмесі өтті

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда қаласындағы «Aray city mall» ойын-сауық кешенінде «Қобыз үні» ұлттық республикалық көрмесі ұйымдастырылды. 

Көрісу күніне орайластырылған көрмені Қызылорда облысы әкімдігі және «QOLÓNER» ұлттық нақыш орталығы бірлесіп өткізді. 

Шараға еліміздің әр қиырынан қолөнер шеберлері, ұсталар, зергерлер қатысып, бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды. 

"Қауышу күні – ата-бабаларымыздан қалған төл мерекелеріміздің бірі. Қыстан төрт көзі түгел шыққан халқымыз бір-бірін "Амал келді! Жыл келді! Жаңа жасыңмен!» деп төс қағыстырып құттықтаған. Бұл мереке қазіргі таңда еліміздің батыс өңіріне тән дегенімізбен, оның түп тамырында тұтас қазақтың танымдық тарихы жатқанын ұмытпағанымыз жөн. Ал, кешегі қиын-қыстау заманда жігінен ажырап қала жаздап, ел ішіндегі шебер жандардың арқасында бүгінге аман жеткен қолөнерімізді дәріптеп, ұсынып жатқан сіздерге зор ризашылығымызды білдіреміз", – деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес. 

Алматылық ұста, Дәркембай атындағы қолөнер музейінің директоры Дәулет Шоқпаровтың айтуынша, Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде мәдени-танымдық шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Бүгінгі шара да соның бір көрінісі. 

«Өзім қолөнер музейін басқарып отырғандықтан қазіргі таңда қолөнер туындыларына деген халықтың ерекше сұранысын көріп қуанамын. Сондай-ақ, сырттан келген қонақтар да біздің ер-тұрман, ат-әбзелдер мен түрлі кәдесыйларымызға қызығушылық танытып, алып кетіп жатады. Ал, өзім әкем – Дәркембай ұстаның мектебінен өтіп, сонау бала кезімнен осы текті өнерді серік етіп келемін", – дейді ұста. 

Шиелі ауданынан келген қолөнер шебері Зылиха Қалендер көрмеге өзінің қолынан шыққан ши тоқыма туындыларын қойды. 

«Менің жұмыстарымда көне ою-өрнек қолданылған. Міне көрдіңіз бе, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай озық дәстүрімізді қайта жаңғыртуға мол мүмкіндік беріп отыр. Біздің мақсат – ұлттық бұйымдарды өскелең ұрпаққа дәріптеу», - дейді ол. 

Аймақтар арасында тәжірибе алмасу, жаңа өндіріс көзін ашу мақсатында өткен шарада көрмеге қатысушы қолөнер шеберлері марапатталды. 



Фото: автордан
Загрузка...

Сізден жаңалық